12.11.2026, 0:00
Оқылды: 0

БҚО-да мәдениет саласының өкілдері Жолдауды талқылады

Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков және Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәдениет саласының өкілдерімен кездесті.

DSC_7173

Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттары түсіндіріліп, ел дамуына қатысты маңызды мәселелер ортаға салынды.

Кездесуде цифрлық экономиканы қалыптастыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру жайы сөз болды. Сонымен қатар «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамыту, отандық өнім өндірушілерді қолдау және жергілікті қамту үлесін арттыру мәселелеріне назар аударылды.

DSC_7206

Жиында сөз алған Снежанна Имашева Жолдауда барлық салаға цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу, жаңа технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану жөнінде нақты міндеттер белгіленгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта білікті мамандар даярлау мен жастардың жаңа технологияларды меңгеруі айрықша маңызды.

Ал Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Жолдауда көтерілген экономикалық міндеттердің түпкі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екенін айтты. Ол алдағы жылы ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру, шағын бизнесті тексеруге қойылған мораторий мерзімін тағы үш жылға ұзарту, салық заңнамасын жетілдіру, жергілікті тауар өндірушілердің өнімін өткізуге қолайлы жағдай жасау секілді шараларға тоқталды. Мұның барлығы экономиканы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

DSC_7193

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев өз кезегінде елімізде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Президент тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл жұмыстың маңызына тоқталып, Батыс Қазақстан облысында да осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

Кездесуде мәдениет саласының өкілдері де өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Облыстық өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин қазіргі музей мен архив ғимараттарының ескіргенін айтып, өңірге жаңа музей мен архив ғимараты қажет екенін алға тартты. Оның пікірінше, тарихи мұраны сақтау мен келер ұрпаққа жеткізу үшін бұл мәселенің маңызы зор.

Ал А. Островский атындағы орыс драма театрының өкілі театр қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін көтерді. Өйткені мәдениет саласында еңбек етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайы мен еңбегіне лайықты ақы төленуі де саланың дамуына тікелей әсер етеді.

Жиын соңында делегация мүшелері қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, ұсыныстар бойынша пікір алмасты.

Гүлжамал Жолдығали, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале