17.11.2026, 16:15
Оқылды: 27

Ғылымның сара жолында

Өткен ғасырдың 90-жылдары А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына арманның ақбоз атын мінген сайдың тасындай жас жігіттер арнайы шақыртумен келе қалдық. Студенттік партадан енді босап, арайлы Алматыны қимай келген біздер: Нұрлан Майманов, Любовь Құсайынова және мен, сонымен қатар ауылда үш-төрт жыл қызмет етіп, мектептің қазанында қайнап шыққан тәжірибелі мұғалімдер Болат Жексенғалиев, Абат Қыдыршаевтар болатын. Көп ұзамай еліміз егемендігін жариялап, ғылым, білім жолында даңғыл жол ашылды. Біздің ортамыздан алғашқылардың бірі болып арманы асқақ, талабы таудай Абат Сатыбайұлы ұзаққа сілтер суын текті Көкмойнақ күліктей ұзын сонар ғылым жолын таңдады. Бүгінде Абат Сатыбайұлы Қыдыршаев – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық құндылықтар академиясының академигі, Тәуелсіз Қазақстан тұсында қалыптасқан, отандық ғылым жолдарының барлық деңгейінен өткен, елге танымал ғалым.

a8bb4f81-93ee-44f7-be43-3c80a72d8724

Ғылым жолы – күрделі, соқтықпалы, соқпақсыз жол. Жетістік тынбай ізденумен, мол тәжірибемен келеді. Ғылымда кездейсоқ табыс болмайды, әрбір нәтиженің артында қажырлы еңбек пен үздік-сіз ізденіс тұрады. Әбекеңнің ауыл мектебінен басталған ұстаздық жолы кейінгі ғылыми ізденістерінің практикалық негізіне айналды. Сондықтан оның еңбектерінде теориялық тұжырым мен педагогикалық тәжірибе бір-бірінен ажырамайды. Абат Сатыбайұлы білім беру мәселесін сырттай бақылаушы зерттеуші ғана емес, мектеп пен жоғары оқу орнының табиғатын ішкі тәжірибесі арқылы таныған ұстаз-ғалым ретінде қалыптасты. Ғылыми қалыптасу жолында ұлттық тіл білімі мен әдістеме ғылымының дәстүрі ерекше орын алады. Ол 1995 жылы «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» тақырыбында кандидаттық, 2001 жылы «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл екі зерттеудің арасында терең ішкі сабақтастық бар. Біріншісі ұлттық әдістеме ғылымының тарихи негіздерін зерделесе, екіншісі сол дәстүрді қазіргі білім беру жүйесіне бейімдеп, жаңа ғылыми-әдістемелік бағытқа айналдырды. Ғалым тілді тек қарым-қатынас құралы ретінде қарастырмайды. Оның пайымдауында тіл – адамның ойлау мәдениетін, мінезін, кәсіби қабілетін және азаматтық ұстанымын қалыптастыратын рухани күш. Ал шешендік өнер – сол рухани күштің қоғамдық кеңістікте көріну формасы.

«Ғылым майданының қатардағы жауынгері үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтеріледі», – деп Қаныш Сәтбаев дәл айтқан. Бүгінде ғылым қайраткері болып қалыптасқан Абат Сатыбайұлының зерттеулерінің басты тұжырымы – дәстүрлі шешендік мұраны тарихи-әдеби жәдігер ғана емес, оқытуға болатын, нақты әдістемелік жүйесі бар білім саласы ретінде негіздеуі. Ол шешендіктануды жоғары оқу орны мен мектеп бағдарламасына енгізудің мазмұнын, қағидаларын, әдістерін және педагогикалық технологияларын айқындады. Осы арқылы қазақтың дәстүрлі шешендік өнері қазіргі білім беру талаптарымен сабақтастырылды.

Ғалымның ғылыми ұстанымы бойынша, шешен сөйлеу – адамға табиғатынан ғана берілетін қабілет емес, жүйелі білім, тұрақты жаттығу және рухани-этикалық тәрбие арқылы қалыптасатын кәсіби білік. Сондықтан ғалым шешендікті сөзді әсерлі қолдану өнері деңгейінде қалдырмай, оны тұлғаның ойлау, сөйлеу, тыңдау, пікір таластыру және қоғамдық жауапкершілік мәдениетінің бірлігі ретінде бағалайды. Зерттеулерінде риторикалық мәдениеттің бірнеше құрамдас бөлігі айқындалады: логикалық тұрғыдан жүйелі ойлау; сөзді дәл және орынды қолдану; тыңдаушының ерекшелігін ескеру; пікірді дәлелді жеткізу; сөйлеу этикасын сақтау; ұлттық тілдің бейнелеу мүмкіндіктерін тиімді пайдалану; сөз бен әрекеттің бірлігіне жауап беру. Осы белгілер ғалымның шешендікті тек тілдік емес, педагогикалық, психологиялық, этикалық және әлеуметтік құбылыс ретінде кешенді қарастырғанын көрсетеді.

Абат Қыдыршаевтың зерттеушілік қолтаңбасына бірнеше сипат тән. Талдап айтсақ, ол ғылыми мәселенің ұлттық негізін нықтайды, теориялық тұжырымды педагогикалық тәжірибемен байланыстырады. Зерттеу нәтижесін оқулыққа, бағдарламаға, оқу құралына немесе нақты әдістемелік ұсынысқа айналдырады. Ғылыми жұмыстарында ұстаздық үн мен азаматтық пайым қатар көрінеді.

Шешендік сөз саптауды ұлттық рухани мұра ретінде оның ғылыми мәнін айқындап, қазіргі қоғам үшін қажеттілігін негіздеп, білім беру мазмұнына енгізудің жолдарын ұсынады және тәжірибе арқылы тиімділігін дәлелдейді. Осы ерекшелік оны таза теория жасаушы ғалымнан ғылыми нәтижені қоғамдық-педагогикалық айналымға енгізуші зерттеуші ұстаз дәрежесіне көтереді. «Ғылым – капитан, іс-тәжірибе – жауынгерлер», – деп Леонардо да Винчи айтқандай, Абат Сатыбайұлы ғылымда теория мен практиканы үнемі сабақтастырып пайдаланады. Ол шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік бағытын қалыптастырып, осы салада зерттеу жүргізетін шәкірттер тәрбиелеуде. Оның жетекшілігімен мектепке дейінгі тіл дамыту, мектепте шешендік өнерді оқыту, педагогикалық риторика, студенттердің сөйлеу мәдениеті мен шешендік біліктерін қалыптастыру мәселелері зерттелуде.

Абат Сатыбайұлының 2025 жылы жарық көрген «Іскерлік шешендіктану» оқу құралы – кәсіпкерлерге, барлық деңгейдегі басшыларға арналған елеулі еңбек. Ғалым пікіріне сүйенсек, «іскер маманның шаршы топ алдында шешен сөйлеу мәдениетінің сақталуы сөз сөйлеудің әзірлігі мен дыбысталуының бірлігіне де байланысты. Шешендік іс-әрекеттің бұл заңдылығы ойлау мен сөйлеу үдерістерінің ажырағысыз тұтастығынан туындайды. Сөз шешен аузынан шықпастан бұрын әуелі даярланып, ақылға салынуы тиіс». Шаршы топ алдында сөйлеудің ең негізгі шарттары: сөз дұрыстығы, қысқалығы, эмоционалдылығы, байлығы, түсініктілігі мен дәлдігі. Ғалым зерделеген шешендіктану, шешен сөйлеу, сөз мәдениеті мәселесі қашанда өзекті.

Цифрлық коммуникация күшейген кезеңде шешендік мәдениеттің қажеттілігі кеміген жоқ, керісінше жаңа мазмұнға ие болуда. Онлайн дәріс, бейнеүндеу, подкаст, әлеуметтік желідегі пікірталас және қысқа таныстырылым сөйлеушіден ойды ықшам, дәл әрі этикалық тұрғыдан жауапты жеткізуді талап етеді. Ғалым ұсынған аудиторияны тану, сөз мақсатын анықтау, тезис пен дәлелді жүйелеу, тілдік норманы сақтау және кері байланысты ескеру қағидалары осы жаңа форматтарда да өзектілігін сақтайды. Ғалым тұжырымдарын қазіргі зерттеулерде цифрлық риторика, медиасауаттылық, академиялық сөйлеу, көпшілік алдындағы презентация және пікірталас мәдениетімен сабақтастыра дамытуға болады.

6618f760-7d19-4b89-b459-54f28ff7a9ea

Ғалым үшін зейнет жасы – ізденістің аяқталуы емес, тәжірибе мен парасаттың жаңа кезеңі.

Ғалымның шынайы бақыты – ашқан жаңалығында, жазған еңбегінде және ғылым жолына бағыттаған шәкірттерінде. Абат Сатыбайұлының ғибратты ғұмыры, ғылымдағы сара жолы осы үш қасиеттің тұтастығымен танылады.

Мұрат Сабыр,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале