Шыңғырлау ауданында КСРО спорт шебері Еділ Ишекеновті еске алуға арналған 2011–2012 және 2013–2014 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы бокстан ашық республикалық турнир өткен болатын-ды.

Жас былғары қолғап шеберлерінің басын қосқан дүбірлі дода аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген 18 команданың өкілдері шаршы алаңда бақ сынады. Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау облыстарынан, Батыс Қазақстан облысының аудандары мен Орал қаласындағы бірқатар спорт клубтары және мамандандырылған спорт мектептерінің тәрбиеленушілері өзара мықтыны анықтады.
Рингке көтерілген әрбір жас спортшы үшін бұл жарыс тек жүлде сарапқа салатын бәсеке ғана емес, сонымен қатар шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауға, қайсарлығы мен рухын көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік болды.
Осындай тартысты бәсекеде Қаратөбе ауданының намысын қорғаған жас боксшыларымыз да лайықты өнер көрсетіп, аудан мерейін асқақтатты.
Атап айтқанда, 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мейрамбек Білімбекұлы қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал 2013–2014 жылы туған спортшылар арасында 58 келі салмақта бақ сынаған Әліби Алтай жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Қаратөбенің атын республикалық деңгейде танытып жүрген жас спортшыларымыздың алар асуы әлі алда. Жас былғары қолғап шеберлеріне жеңісті жол, биік белестер мен толайым табыстар тілейміз! Ринг төрінде аудан намысын абыроймен қорғап, ел мерейін үстем ете берсін!
Айта кетейік спортшылардың жеке жаттықтырушысы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бокс үйірмесінің жаттықтырушысы Думан Днишев.
Р.Абай,
Қаратөбе ауданы