18.11.2026, 9:30
Оқылды: 9

ТОП-5 туристік бағыт: Қазақстанда қысқы демалысты қайда өткізуге болады?

Қазақстан қысқы туризмді дамытуға қолайлы елдердің бірі. Қарлы таулар, орманды алқаптар, мұз айдындары мен қыста да саяхаттауға болатын тарихи орындар демалушыларға таңдау мүмкіндігін береді. Оның үстіне, кейбір бағыттар шетелдік танымал курорттармен салыстырғанда қалтаға да жеңіл түсуі мүмкін, деп жазады Egemen.kz.

27406

Сурет: Egemen.kz

Туристік агенттік маманы Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы мен табиғи ерекшеліктері елде туризмді жыл бойы дамытуға мол мүмкіндік береді. Көктемде табиғат көріністерін тамашалап, жазда тауға шығып, суға шомылуға болады. Ал күзде сары түске боялған даланы тамашалауға, ал қыста қарлы курорттарда демалуға жағдай жасалған.

«Қазақстанның тағы бір артықшылығы – қыс мезгілінде қар жаумайтын, жылы климатқа үйренген Азия елдерінің туристерін тартуға мүмкіндігі бар. Баға жағынан да біздегі демалыс орындары шетелдік курорттармен бәсекелесе алады. Мәселен, Швейцариядағы тау курорттарымен салыстырғанда, Шымбұлақта демалу туристердің қалтасына әлдеқайда қолайлы болуы мүмкін», дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

Маман еліміздегі қысқы демалысқа лайық 5 бағытты атап өтті. Олар – Алматы, Бурабай, Астана, Түркістан және Маңғыстау облыстары.

Алматы – тау шаңғысы мен белсенді демалыс

Маманның пікірінше, Алматы қаласы жылдың кез келген мезгілінде туристерге қолайлы. Әсіресе қысқы спорт түрлерін ұнататындар үшін мұнда мүмкіндік мол.

«Алматыны бірінші орынға қояр едім. Мұнда шаңғы, сноуборд, шана тебу секілді қысқы белсенді демалыстың түр-түрін табуға болады. Шымбұлақ пен Ой-Қарағай кешендерінде бірнеше демалыс түрін қатар ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Мұнда атпен серуендеуге, шанамен сырғанауға, коньки тебуге болады», дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

Бурабай – қарлы орман мен таза ауа

Қысқы табиғаттың тыныштығын сезініп, қаланың қарбаласынан алыстағысы келетіндер үшін Бурабай – таптырмас бағыт. Қар басқан қарағайлы орман, ақ ұлпаға оранған төбелер мен көл жағасындағы көріністер демалысқа ерекше әсер береді.

Маман бұл өңірді қысқы демалыстың екінші бағыты ретінде ұсынады.

«Бурабайда орман арасында, қардың үстінде демалып, таза ауамен тыныстауға болады. Қысқы спорт түрлерін ұнататындар да өзіне қажетті демалыс түрін таба алады», дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

Елордадағы қысқы мерекелік көңіл күй

Қысқы демалысты алысқа бармай-ақ, елордада өткізуге болады. Әсіресе Жаңа жыл қарсаңында Астана мерекелік безендірілуімен ерекшеленеді. Қала көшелері мен қоғамдық орындардағы жарық шамдар, шыршалар мен мерекелік көріністер туристерге ерекше көңіл күй сыйлайды.

Маманның пікірінше, Астана – қысқы демалысқа арналған тағы бір тартымды бағыт. Мұнда қала аралап, көрікті орындарды тамашалап, мерекелік іс-шараларға қатысуға болады.

«Үшінші бағыт ретінде Астананы ұсынар едім. Қыста, әсіресе Жаңа жыл қарсаңында қала әдемі безендіріледі. Мерекелік көңіл күйді сезініп, отбасымен немесе достармен уақыт өткізуге қолайлы», дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

Тарихи орындарға саяхат

Қыс мезгілінде тарихи орындарды аралап, танымдық саяхат жасағысы келетіндерге Түркістанды таңдауға болады. Қазақстанның оңтүстігіндегі бұл өңірде қыс салыстырмалы түрде жылы болады. Сондықтан суық күндері де қаланың көрікті жерлерін аралап, экскурсияға шығуға мүмкіндік бар.

Маманның айтуынша, Түркістанға қыста барудың тағы бір артықшылығы – туристердің аз болуы.

«Қыста мұнда ауа райы қатты суық болмайды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, тарихи орындарды аралап, қасиетті жерлерге зиярат жасауға және экскурсияларға қатысуға болады», дейді маман.

Каспий жағалауындағы қысқы демалыс

Маман ұсынған бесінші бағыт – Маңғыстау облысы. Бұл өңірдің табиғаты жылдың кез келген мезгілінде ерекше көрінеді. Әсіресе Каспий теңізінің жағалауы қыста да әдемі көрінісімен туристерді қызықтырады.

Дегенмен маман Маңғыстауда қыс мезгілінде желдің қатты соғатынын ескертеді. Сондықтан Бозжыра шатқалы секілді ашық табиғи аумақтарға саяхаттау қолайсыз болуы мүмкін. Ал Ақтауда теңіз жағасында серуендеп, қонақүйде тынығуға болады.

«Маңғыстауда қыс кезінде желді ауа райы жиі болады. Сондықтан Бозжыра сияқты табиғи орындарға бару кейде қолайсыздық тудыруы мүмкін. Бірақ Каспий теңізінің жағалауы өте әдемі. Ақтаудағы атақты қонақүй бұл маусымда тиімді бағалар ұсынады. Сол мүмкіндікті пайдаланып, бассейнде шомылып, демалып, концерттік бағдарламаларды тамашалауға болады», дейді маман.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале