17.11.2026, 19:00
Оқылды: 6

Білімді де белсенді жас – Нұрхат Аманғали

Жастар – елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Білім алуға ұмтылып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын, өнері мен ұйымдастырушылық қабілетін қатар дамытып жүрген талапты жастардың бірі – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Электр энергетикасы» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Аманғали Нұрхат Бақытжанұлы.

a6387d79-0def-4f92-adec-3fb2610a81aa

Нұрхат Бақытжанұлы 2005 жылдың 25 қарашасында Батыс Қазақстан облысының Серебряково кентінде дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар, жауапкершілігі мол әрі қоғамдық ортада белсенді болып өскен ол бүгінде университет қабырғасында өзін жан-жақты қырынан танытып келеді.

Нұрхат таңдаған мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарап, оқу үлгерімімен қатарластарына үлгі болып жүр. Ол дәріс пен тәжірибелік сабақтарға белсенді қатысып, кәсіби білімін тереңдетуге және болашақ мамандығының қыр-сырын меңгеруге ерекше көңіл бөледі. Электр энергетикасы – терең білімді, техникалық ойлау қабілетін және жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Нұрхат осы талаптарды жақсы түсініп, білікті маман болуға ұмтылып келеді.

Ол тек жақсы оқитын студент қана емес, университет пен Политехникалық институттың қоғамдық өміріне белсене араласатын бастамашыл жас. Түрлі мәдени-көпшілік, тәрбиелік және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, адамдармен тез тіл табысуы және ортақ іске өзгелерді жұмылдыра білуі көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр.

Нұрхат институт көлемінде өткізілетін іс-шараларда жүргізушілік шеберлігімен де ерекшеленеді. Сахнада өзін еркін ұстап, ойын анық жеткізе біледі. Оның көрерменмен байланыс орнатуы, сөз саптауы мен жинақылығы әрбір іс-шараның мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуіне ықпал етеді.

Өнерлі жас би үйірмелері мен концерттік бағдарламаларға да белсенді қатысады. Сахна мәдениетін жақсы меңгерген Нұрхат би өнері арқылы өзінің шығармашылық қабілетін көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап келеді. Оның өнерге деген сүйіспеншілігі, ізденісі мен еңбекқорлығы көпшілікке жақсы таныс.

Оқу, қоғамдық жұмыс, өнер мен ұйымдастырушылық қызметті қатар алып жүрген студенттің еңбегі елеусіз қалған емес. Нұрхат түрлі іс-шаралар мен байқауларға қатысып, көптеген мақтау қағаздарымен, грамоталармен және дипломдармен марапатталған. Әрбір марапат – оның табандылығының, белсенділігінің және алға қойған мақсатына ұмтылысының нәтижесі.

Нұрхаттың бойындағы қарапайымдылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, достарына деген адалдық пен ортақ іске жауапкершілікпен қарау қасиеттері оны ортасына сыйлы етеді. Ол қатарластарына қолдау көрсетіп, қажет кезде көмек беруге дайын тұрады. Осындай адамгершілік қасиеттері оның тұлғалық келбетін айқындай түседі.

Алда Нұрхатты үлкен өмір жолы мен жаңа белестер күтіп тұр. Оның бүгінгі білімге деген талпынысы, қоғамдық белсенділігі, ұйымдастырушылық қабілеті мен шығармашылық ізденісі болашақта өз жемісін беретініне сенім мол.

Аманғали Нұрхат Бақытжанұлына оқуын табысты аяқтап, таңдаған мамандығының білікті иесі атануын тілейміз! Әр бастамасы сәтті болып, алар асулары мен бағындырар белестері көп болсын. Университетіміздің абыройын асқақтатып, ел дамуына үлес қосатын білімді, еңбекқор және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптаса берсін!

 

Бибігүл Сарбалина,

политехникалық институт директорының ТЖЖ орынбасары,
т
.ғ.к., доцент м.а 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале