25.11.2026, 10:15
Оқылды: 7

Қалам ұшындағы құдірет

Сырым ауданының Жосалы ауылында дүниеге келген дарынды суретші Мұратбек Жоламанов өмірде болса, биыл 60 жасқа толар еді.

DSC04662

33 жыл суішерлік ғұмыр кешіп, артында бояуы мен стилі бөлек тарихи жанрда сурет қалдырды. Өнер иесінің атын да, отын да өшірмей отырған отбасы, жүлгелес қаламдастары, ағайыны жиналып, елдің түкпір-түкпірінде көрме ұйымдастырып жатыр. Орал шаһарындағы «Атамекен» өнер ордасында облыстық тарихи-өлкетану музей ұжымының ұйытқы болуымен «Қалам ұшындағы құдірет» атты суретшінің шығармашылық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Айтулы шараға зиялы қауым өкілдері, суретшілер мен марқұмның жақындары жиналып, көрме залы лық толды.

Тарихты бояумен сөйлеткен қылқалам шебері

Көрме залына кірген бойда бізді қылқалам иесінің бояуы нәзік әм қанық суреттері қарсы алды. Суретшінің өзі ортамызда болмаса да, суреттерінен саусақтарының табы менмұндалап тұрғандай.

Көрменің ашылу салтанатында дәстүр бойынша Мұратбек Жоламановтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы бейнеүзінді көрсетілді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев көрмеге келушілерге «Қош келдіңіз!» айтып, шараның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ ол көрменің мақсаты мен суретшінің есімін ұлықтауға арналған бірсыдырғы мәдени шараға қысқаша тоқталып, суретшінің зайыбы Гүлжәміш Бәкейқызының иығына шапан жапты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған аталмыш көрменің мақсаты мен маңызын баяндап, суретшінің бала кезінен бейнелеу және сөз өнеріне қызыққанын атап өтті. Басшының сөзінше, музейдің тұрақты сақтау қорында қылқалам шеберінің төрт суреті бар, қалған суреттері уақытша сақтау қорында жинақталған. Көрмеге 37 туындысы қойылған.

– Бір кездері «Дана» тарихи-танымдық журнал шығарып жүрдік. Журналдың мұқабасына көрік беріп, тақырыпты ашу үшін тарихи тұлғалардың суретін қоятынбыз.

Сол кезде сурет таба алмай қиналатын едік. Мұратбек Жоламановтың туындылары осы олқылықтың орнын толтырғандай болды. Қазақ хандығының 550 жылдығында орай шыққан журналдың мұқа-басына Мұратбек ағамыздың «Керей, Жәнібек» деген суретін орналастырдық. 2015 жылы суретшінің дүниеден өткеніне 15 жыл болуына орай журналға ол кісінің болмысын ашатын көнекөздердің естеліктеріне негізделген мақала жарияладық. Мұратбек Жоламанов сурет пен әдебиетке бала кезінен қызығып, тарихи жанрдағы көркем шығармаларды көп оқыған. Болашақ суретші өзіне тарихтан сабақ берген Бауыржан ағайдан заманында оқуға тыйым салынған «Аз и Я» атты әдеби-ғылыми еңбегін алып оқыған екен. Бұдан оның тарихи танымы кішкентай кезінен қалыптасқанын байқаймыз, – деді музей директоры.

DSC04735

Суретші жайлы сырлы естелік

Іс-шара қылқалам шеберімен үзеңгілес болған замандастарының, суретшілер мен ет жақындарының естелік әңгімелеріне жалғасты. Мұратбек Жоламановтың 1999 жылы алғашқы көрмесін облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырып, оның шығармаларын халыққа таныстыруда өлшеусіз үлес қосқан музейдің бұрынғы директоры Сара Танабаева суретшімен алғаш танысқан кезін еске алды. Оның сырқаттанып жатқан кезі мен Алматыда қалған «Хан көтеру» диплом жұмысын Ақ Жайық жеріне қалай алып келгені туралы бір үзік сыр шертті. «Мен жолдасымнан жастай қалдым. Бес баланы жеткізу үшін тынбай еңбек еттім. Балаларымды тәрбиелейтін уақыт болмады, оларды тәрбиелеген – кітап», – деп суретшінің анасынан естіген сөзінен бастады.

DSC04661

– 1999 жылы қақаған аязда Ақтөбе қаласына көрме алып бардым. Көрмеде облыстық музей ұжымы Мәскеуден Мұрат Аджиді шақырып, оның «Европа, турки, Великая степь» атты кітабының презентациясын жасап, сол кезде біз үшін тарихи оқиға болды. Кейін Мұратбектің Жосалыдағы шаңырағына келдім. Ол кезде қатты ауырып жатты. Сол кітапты оған сыйға тарттым. Мұратбек көлемді еңбекті оқып, түркінің арғы тарихымен танысқан соң, оған қайтадан жан біткендей болды. Мұндағы картиналардың мазмұнын түсінбесең де, рухыңды көтереді. Тағдырдың қиын кезінде Мұратбекке жолығып, титтей болса да қолұшымды бергеніме ризамын. Жары Гүлжәміш екеуміз Пугачев музейін жаңартқанда одан шыққан кенептерді Жосалыға тасыдық. Осында тұрған бірқос картинка сол кенепке салынған. Тұңғыш рет шіліңгір шілдеде Мұратбектің көрмесін ұйымдастырдық. Сондағы келген халықты көрсеңіз, есебі жоқ. Мұнайдар, Қазбек секілді журналист жігіттер оның шығармашылығын насихаттауға еңбектері сіңді. «Хан көтеру» картинасын тағы бір көрсем арманым жоқ», – деп айтып отыратын. Содан Алматыға барып, жағдайды түсіндіріп, суретті елге әкеліп бердім. Сол суретке күнде қарап жататын.

Көп ұзамай демі үзілді. Сәкен (Ғұмаров) аға 500-ге жуық картина салды. Қазір соны санай қалсақ, 100-ге де жетпейтіні өкінішті. Мұратбектің суреттері Гүлжәміштің жанкештілігінің арқасында сақталды. Қанша қиындық көрсе де, картиналарын сатпады. Ендігі мақсат – осы өнер туындыларының музей қорына түпкілікті тапсырылуы. Өйткені Мұратбектің суреттері арқылы қазіргі жастардың рухын оятып, ізгілікке тәрбиелеуге болады, – деп Сара Есқайырқызы естелігімен бөлісіп, жиналған жұртты толқытты.

DSC04676

Суреттерінде сыр тұнған суретші

Сурет көрмесінде біз кәсіби суретшілерден М.Жоламанов картиналарындағы бояу үйлесімі, композициялық шешімдер мен кейіпкерлердің орналасуы туралы пікір сұрадық.

Асхат Әбдешов, ҚР Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы:

– Мұратбек Жоламанов әр кескіндемені стилизациялап, өте терең зерделеп салған. Өзіңіз байқағандай, мағынасы терең ою-өрнектерді, түстер мен кескіндерді көп қолданады. Ауылды, табиғатты, аңдар мен адамды бейнелегенде – қиғаштап, дөңестеп, көлемін көзге бірден түсінікті болмайтындай етіп әдейі бұрмалайды, осы тәсіл арқылы суретке сәуле түсіреді. Нысанды өмірдегідей емес, өзіндік көркемдік шешіммен бейнелеу үлкен шеберлік пен ізденісті талап етеді. Оның шығармаларынан суретші ретінде қалыптасудың барлық кезеңінен өткенін, үлкен өнер ордасында мүйізі қарағайдай суретшілерден тәлім алғанын байқауға болады. Суретші де жазушы секілді, өз стилі мен жанрын қалыптастыру үшін көп оқиды, сызады, бояуды мың құбылтады. Мәселен, алдымызда тұрған «Қазанат» деген суретте жылқыны өмірдегі қалпында немесе батырлар жырында суреттелгендей жазық жая, жауырынды, қоян жон, тәует бас етіп бейнелемеген. Оның дене бітімін өзгертіп, арқасынан сауыр тұсына дейін өзіндік көркем шешіммен кескіндеген. «Көр-ші» деген картинасында ауылдың қарапайым тіршілігін сары және сарыжалқын реңдер арқылы көрсеткен. Негізі, сурет туралы суретші емес, өнертанушылар жазса, халық кеңінен таниды.

Нұрбек Жәрдемов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

– Кәсіби тұрғыда айтсам, картиналардың композициясы мықты. Композицияда үйлесімділік бар. Мәселен, «Көрші» суретіндегі фигуралардың орналасу ретін көрелік: ағаштың жартылай көрінуі, отырғыштың кесілуі, екі адамның қарама-қарасы отырысы, ауланы қоршап тұрған ағаштардың қисықтығы, есіктің шалқалай ашылып жатуы – шашырамай, реңдер бір-бірімен үйлесімді болып, суретке тереңдік беріп тұр. Кейіпкерлердің мінез-құлқын көрсету үшін аяқ-қолының қимылымен бет-жүзіндегі ишаралар шебер берілген. «Студент» деген суретте бесікке сүйеніп отырған әйел мен бесіктегі баланы бір композицияға біріктіріп бейнелеу кәсіби тәжірибесі мол суретшінің қолынан келетін жұмыс. «Ауыл» (Ақын Бауыржан Ширмединнің «Түтін» атты кітап мұқабасындағы сурет) суретінде алдыңғы планға фигураларды шығара отырып, бос кеңістік – ауаға тереңдік берген. Жапырақсыз тұл ағаштың өзі жеке бір әңгіме айтып тұрғандай. Қоршаудың біреуін қисайтып, өзіне көңіл аудартады. Мұның бәрі – алдын ала ойластырылған есеп, өзара үйлесімділік. Мұратбек Жоламановтың кез келген суретінен оның шығармашылық бағытының қалай дамығанын көзі қарақты адам бірден түсінеді. «Сарын» суретінде сиырдың пішінін үлкейтіп салу арқылы белгілі бір мағына берген. Ал қалған төртбұрыш кеңістікке, әуенге астасқан фигуралар негізгі ойды толықтырып тұр. Басқа картиналардағы бұрылыстарға назар аудартады. Мысалы, үш қараша үйді қатар салғанда оларды бір-біріне байланыстыру үшін бұрылыстарды бірдей салады. Мұратбектің суреттерінің көлемді болу себебі – көп фигурадан құралған. Мұндай күрделі композицияларды кішкентай форматқа сыйғыза алмайды. «Аутопортрет» картинасында бір реңді екінші реңмен қатар келтіртіп, «контраст» берген. Жарық пен қараңғыны қарама-қарсы беру арқылы фигураны алдыңғы планға шығарған. Ал тарихи жанрдағы шығармаларында қазақтың болмыс-бітімін көрсету үшін түстерге қатты мән берген. Қоңыр, көкшіл, салқын реңктер басым. Бұл түстер бізден ұзап кеткен уақыттың тынысын сездіреді. Әмбе, қоңыр түс – арғысы түркінің, бергісі қазақтың белгісі. Заманауи суретші болса да, өткен дәуірдің тарихы мен салт-дәстүрін әбден зерделеген. Тарихи кезеңдерді бейнелейтін картиналарда адамның бет-бейнесі маңызды емес. Қобыз аспабы бар картиналарда не үшін ішек жоқ? Себебі аспаптың пішіні сазды әуенді сезіндіруге қызмет етеді. Сурет өнерінде «ұсақтау» деген термин бар. Кейбір бөлшектер композицияның үйлесімділігін бұзып, ұсақтап жібереді. Сондықтан туындының мағынасы мен тұтастығын сақтау үшін суретші әдейі бейнелемейді. Мұратбек осы тәсілді шебер қолданған.

DSC04789

Кеш соңында суретшінің жұбайы Гүлжәміш Бәкейқызы Мұратбек Жоламанов өмірден өтсе де, орнын ойсыратпай, шығармашылығын насихаттап, атсалысып жүрген жандарға алғыс білдірді.

– Мұратбектің өмірден өткеніне 26 жылда еліміздің Алматы, Астана, Ақтөбе, Орал қалаларында 20-ға жуық көрме өткізілді. Бұл көрмелердің өтуіне мұрындық болған облыс әкімдігіне, мәдениет басқармасына және облыстық тарихи-өлкетану музейіне шексіз алғыс айтамын. Мұратбек күнделігіне: «Менің картиналарым – менің өзім, менің мінезім. Мен шын мәнінде суретші болғаныма ризамын», – деп жазып қалдырды. Суретті әр адам өзінің танымтүйсігіне қарай түсінеді. Жазушы Нұрлан Сәдір «Мұратбек» атты естелік әңгімеге құралған кітап жазып шықты. Онда Мұратбектің 33 жыл өмірі барынша қамтылған. Сіздер секілді өнерді шын сүйетін адамдар бар кезде Мұратбектің аты ешқашан өлмейді, – деді дарынды суретшінің жүгін өмірде бір кісідей көтерген жары.

DSC04654

Музей қызметкерлері іс-шара соңында әр суреттің атауы мен тарихына қысқаша тоқталып, халыққа таныстырды.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале