25.11.2026, 14:30
Оқылды: 6

Батыс Қазақстан облысы мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді

Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Айхан Сулейманлымен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

927316580_1119831113995649_8359703008778852436_n

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңір мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 108,3 млн АҚШ долларын құрады. Оның 105,9 млн доллары экспортқа, ал 2,4 млн доллары импортқа тиесілі.

Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Қазақстан мен Әзербайжан Президенттерінің саяси ерік-жігерінің арқасында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Облыс әкімі мұнай-газ, машина жасау, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы әріптестікті дамыту перспективаларына тоқталды.

930625061_1557036299314170_1674640105992852682_n

– Батыс Қазақстан облысы қолайлы географиялық орналасуы мен дамыған көлік инфрақұрылымының арқасында жоғары транзиттік әлеуетке ие. Біз Әзербайжанмен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нариман Төреғалиев.

Бас консул Айхан Сулейманлы да екіжақты байланысты одан әрі тереңдетудің маңызын атап өтті.

– Кейінгі 5 жылда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы бес есе өсті. Ендігі міндет – бұл көрсеткішті 1 млрд АҚШ долларына жеткізу. Бас консулдық өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды нығайтуға белсенді ықпал етуге дайын, – деді Айхан Сулейманлы.

Сонымен қатар Бас консул 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға мемлекеттік сапары аясында Физули қаласында ашылған Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығы екі халықтың бауырластығы мен ынтымағының айқын символы екенін жеткізді. Кездесуде бауырлас қалалар – Орал мен Мингечевир арасындағы байланысты одан әрі дамыту мәселесіне де назар аударылды.

929646631_1533783818662795_8374162283946636789_n

Айта кетейік, өңірде 1 547 әзербайжан этносының өкілі тұрады. «Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық мәдениетті дәріптеуге және қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға атсалысып келеді.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале