Бүгін аймақ басшысы Нариман Төреғалиев пен облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының тең төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың көшпелі отырыстары өткізіліп жатыр. Жұмыс тобы алдымен Теректі ауданында болып, индустриялық аймақ аумағында «Қазкомсервис» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның жай-күйімен танысты.

Компания 50 гектар жер учаскесін жалға алып, сағатына 240 тонна өнім шығаратын асфальт-бетон зауытын салды. Өндірісті іске қосу үшін нысанға магистральдық желілерден өз қаражаты есебінен электр жарығы мен газ тартып, сумен қамту мақсатында ұңғыма бұрғылаған.
Жол құрылысына қажетті материалдардың тұрақты қорын қамтамасыз ету үшін зауыт аумағында арнайы битум сақтау қоймасы мен бетон торабы қарастырылған. Инертті материалдар мен шикізат жеткізу үшін 42 вагонға арналған теміржол желісі тартылды.

Компания өз өнімдерін өңірдегі ірі жобаларына, атап айтқанда «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолын қайта жаңарту кезінде және «Ақжайық» шағынауданындағы жол құрылысына пайдаланды. Сондай-ақ басқа жол компанияларына сату мүмкіндігі де қарастырылған.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев аталған индустриялық аймаққа арнайы экономикалық аймақ мәртебесін беру жөнінде Үкіметке ұсыным жолданғанын атап өтті.

Тиісті қаулы шыққан соң, инвесторлар үшін дайын инфрақұрылымнан бөлек, салықтық және кедендік жеңілдіктер жасалады.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі