29.11.2026, 19:25
Оқылды: 20

Теректі ауданында сайлау науқаны қызу өтуде

Теректі ауданындағы тоғыз жолдың торабы саналатын Подстепный ауылдық округінде сайлау науқаны қызу өтуде.

927965467_3546965882151947_7066978095586821189_n

Сайлау учаскелерінде дауыс беру рәсімі белгіленген тәртіпке сай ұйымдастырылған. Таңертеңнен бері жиналған ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасап, жоғары азаматтық белсенділік танытты.

Атап айтқанда, №360 сайлау учаскесінде «Япурай» халықтық әжелер ансамблі өз дауысын беріп қоймай, әннен шашу шашып, жиналғандарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. «Япурай» халықтық әжелер ансамблі 2016 жылы Подстепное ауылдық кітапханасының базасында құрылған. Ұжымның негізін қалаған – Зуря Ахметқызы Шарикова. Он жыл ішінде ансамбльге бес жетекші басшылық етіп, әрқайсысы ұжымның дамуына өзіндік үлес қосқан. Әншілердің қатарында қазақ, татар, украин, қырғыз ұлттарының өкілдері болған. Ансамбльдің ерекшелігі – түрлі тілде ән орындауы.

Үлкендердің бұл белсенділігі өзге сайлау учаскелерінде де жалғасын тапты. №384 сайлау учаскесіне ауыл тұрғыны, 81 жастағы Гүлжамал Суерова мен Тілеген қажы әжей келіп, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады. Ақ жаулықты аналарымыз дауыс беріп болған соң, елдің амандығын тілеп, дәстүр бойынша  көпшілікке ақ баталарын берді. Ғибратты ғұмырымен кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген қарияларымыздың әрбір сөзі мен тілегі біз үшін қымбат. Сондай-ақ аталмыш №384 сайлау учаскесінде самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Мұрат Баубеков төбе көрсетіп, азаматтық құқығын жүзеге асырды. Спортшымыздың осылайша ел тағдыры шешілер сәтте де белсенділік танытуы жастарға үлгі болары сөзсіз.

927998727_3547028118812390_3168629086135156596_n

Еліміздің тыныштығы мен ауызбіршілігі – баршамызға ортақ құндылық. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар арамызда аз емес. Солардың қатарында №360 сайлау учаскесінде дауыс берген аумақтық қорғаныс бригадасының 99250-әскери бөлімнің ұжымы бар. Күн-түн демей ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметшілер маңызды саяси науқаннан да тыс қалмай, өз таңдауларын жасады. Осылайша олар азаматтық белсенділік пен жоғары жауапкершілік көрсете білді. Аталған №360 сайлау учаскесінде Алмат Қанатұлы да еліміздегі тарихи сәттен қалыс қалмай, алғаш рет  дауыс беріп, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.

933394809_3547002052148330_5960503552201332561_n

Одан бөлек ауылдық мәдениет үйінің алдында ауыл тұрғындарына арналып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге ет, сүт және бал өнімдері шығарылып, жұртшылыққа қолжетімді бағамен ұсынылды. Сайлау учаскесіне дауыс беруге келген тұрғындар жәрмеңкеден қажетті өнімдерін сатып алып, сауда жасады. Мұндай игі бастамалар ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, жергілікті өндірушілердің өнімдерін насихаттауға мүмкіндік береді.

Қаламқас Саясатова,

Әдемі Ғазизова,

Лаура Халина,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале