29.11.2026, 17:00
Оқылды: 27

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов №447 сайлау учаскесінде дауыс берді

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов жұбайымен бірге А. Островский атындағы драма театрында орналасқан №447 сайлау учаскесінде дауыс берді.

64e180e3-b88f-4ebe-9e3d-06f42ebadddc

Фото: Мәди Салық

– Бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бұл саяси науқан әрбір тұрғынға өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге және ел болашағына қатысты шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуға мүмкіндік береді. Қалада 136 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Соның 14-і – жабық дауыс беру сайлау учаскелері. Тұрғындарды дауыс беруден шет қалмай, белсенді қатысуға шақырамын. Біз үшін тек осы қаланың емес, байтақ еліміздің гүлденгені маңызды. Орал қалалық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша 24 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бекітілді. Депутаттыққа кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен танысып шықтым. Үміткерлердің көпшілігі қаланы абаттандыру, соның ішінде жол инфрақұрылымын жаңарту мен көшелерді жарықтандыру мәселелерін басты назарға алған. Соңғы жылдары кәсіпкерлер бұл бағытқа белсенді бет бұрып келеді. Биыл шаһарда 14 қоғамдық демалыс аймағы ашылды. Келесі жылы бизнес өкілдері 24 орынды пайдалануға беруді мақсат етіп отыр, – деді шаһар басшысы Мұрат Болатұлы.

Қала әкімі айтып өткендей, мәслихат депутаттарының негізгі міндеті – жергілікті бюджетті бекіту, нақтылау және түзету. Осы арқылы олар бюджет қаражатын қаланың ең өзекті мәселелерін шешуге бағыттайды. Өкінішке қарай, қалада жөндеуді, жарықтандыруды қажет ететін көшелер бар. Әкім мәселені шешуге қаражат жетіспейтінін, депутаттармен бірге алдағы бес жылға арналған бағдарлама дайындалатынын атап өтті. Осылайша мәселелер кезең-кезеңімен шешілмек. Бұдан бөлек, депутаттар қаланың алдағы бес жылға арналған даму жоспарын бекітеді.

Аға буын өкілдері де бұл науқаннан шет қалмады. Солардың бірі – қала тұрғыны, зейнеткер Сембай Жүсіпов. «Сайлаудың еліміздің болашағы үшін маңызы зор. Елдің ертеңіне бейжай қарамай, өз таңдауымызды жасау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Депутаттыққа түскен үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары тек қағаз жүзінде қалмай, халық игілігі үшін толық орындалсын деп тілеймін. Бүгін өзім сенім артқан лайықты кандидатқа дауыс бердім. Еліміз аман, байтақ Қазақстанымыз өркендей берсін», – деді зейнеткер.

№447 сайлау учаскесі комиссиясының мүшесі Гүлзада Қажмұқанованың айтуынша, бұл учаскеде 1146 сайлаушы тіркелген. Екі сайлаушы үйден дауыс беруге өтініш берген. Ол мұнда мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалғанын айтты.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале