Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы аясында Қазталов ауданындағы барлық 35 сайлау учаскесінде дауыс беру уақыты аяқталды.

Сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де Мемлекеттік Гимннің орындалуымен өз жұмысын бастап, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес сайлаушыларға дауыс беру мүмкіндігін ұсынды.
Аудан бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген тұрғындардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Сайлау науқанының өту барысын кандидаттардың сенім білдірілген адамдары, «Әділет» партиясының және республикалық «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының, «Казталов ауданының жастар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің байқаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылап отырды.
Айта кетейік, сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыруға аудан аумағында 1 аумақтық, 11 округтік және 35 учаскелік, барлығы 46 сайлау комиссиясы жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта сайлау учаскелерінде дауыс беру қорытындыларын шығару және тиісті сайлау құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіледі.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы