25.04.2017, 14:00
Оқылды: 66

Ұлттық музейге сый

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция өтті.


Аталмыш мекеменің фойесінде Ақ Жайық өңірінен шыққан Дина Нұрпейісова, Мәншүк Мәметова, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Тұяқберді Шамелов сияқты тұлғалар тұтынған жәдігерлерден жасақталған көрмеге жұртшылық көптеп жиналды.

-Өздеріңіз білетіндей, 2014 жылғы  шілдеде Астана қаласында Ұлттық музей ашылған болатын. Музейдің ашылу салтанатында Елбасымыз «Бүгін Қазақстанның музейі жаңа ғана ашылып тұрған жоқ, қазақ тарихының жаңа парағы ашылғалы тұр» деген еді. 2015 жылдың наурыз айынан бастап «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы басталды. Танымал тұлғалардың елеусіз жатқан дүниелері мен алақандарының ыстық табы қалған заттарын Ұлттық музейге тапсырса деген ниетпен акция жұмысын жалғастырып келеміз. Бұған дейін де еліміздің әрбір өңірінде акция өткізілді.  Осы күнге дейін үш мыңға жуық жәдігерлерді жинақтап үлгердік. Атап айтар болсақ, Кенен Әзірбаевтың жеке дүниелері, Бауыржан Момышұлының хаттары мен сағаты, Әзілхан Нұршайықовтың домбырасы сияқты құнды жәдігерлер біздің музейімізден орын тапты. «Ұлы тұлғалардың ұрпақтары» деген сайтымызда жұмысын жасап тұр. Танымал тұлғалардың ұстанған құнды жәдігерлерін Ұлттық музейге тапсырған адамдардың еңбегі еленіп, «Алғыс тақтасына» алтын әріппен жазылатын болады, - дейді ҚР Ұлттық музейі қорларды жинақтау, есепке алу және сақтау қорының басшысы Рыскүл Бекталиева.

Шара барысында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Вячеслав Инночкин көрмені ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Акция концерттік бағдарламаға ұласты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале