27.04.2017, 9:41
Оқылды: 51

Жұмыс тобы жолға шықты

«Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» дейді халық даналығы. Осы қағиданы ұстанып, құрамына қалалық әкімдіктің және коммуналдық қызмет көрсету салаларының өкілдері енген жұмыс тобына №9 сайлау округінің аумағындағы шешілуі қиын түйткілді мәселелерді осы округтің депутаты Жантас Сафуллин көрсетіп, мән-жаймен таныстырды.


Айта кетейік, газетімізде бұған дейін Орал қалалық мәслихатының №9 сайлау округі бойынша депутаты Ж. Сафуллиннің өзіне сенім білдірген сайлаушыларының алдында бір жылдық депутаттық есеп беру жиналысын өткізгені туралы жазылған болатын. Орал қаласындағы №21 мектепте өткен жиында депутат есепті кезеңдегі атқарған жұмыстары жөнінде есеп беріп, сайлаушыларының да ұсыныс-тілектеріне құлақ асты. Кездесуде тұрғындар тарапынан жолдың нашарлығы, жаяу жүргіншілер жолы мен арықтардың жоқтығы, балалар мен спорт алаңқайларын ашу, көгалдандыру, орталық базар аумағындағы заңсыз сауда-саттық, қоғамдық тәртіп пен санитарлық ережелердің бұзылуы жөніндегі мәселелер көтерілді.

Аталған мәселелерді басты бағдарға алған комиссия мүшелері алдымен ат басын қала орталығындағы №21 орта мектепке бұрды. Бірнеше жыл бұрын «Жайықжылуқуат» ЖШС-ның жылу торабына жүргізген жөндеу жұмыстарынан соң мектептің оң жағындағы М. Ықсанов атындағы көшеден кіретін жолдың талқандалған асфальты сол күйінде қалған болатын. Мектеп әкімшілігі мен сол төңіректегі көп қабатты үйлердің тұрғындары аталған кірме жолды жөндеу жөніндегі мәселені депутат назарына жеткізген еді.

Бұл жөнінде түсінік берген Ж. Сафуллин М. Ықсанов атындағы көшенің бойындағы жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниямен мектептің қақпасына дейінгі бөлікті асфальттау жөнінде келісімге келгендерін мәлімдеді. Алайда тұрғын үйлердің ауласына дейінгі бірнеше метр жолды да асфальттау, сондай-ақ мектептің сол жағынан өтетін кірме жол мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу қажет.

Бұл жөнінде депутат тарапынан қала әкімінің атына сұраныс хат жолданатын болды.20170419_150833

Сайлаушылар көтерген келесі бір өзекті мәселе – Петровский және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы кең жерге балалар алаңқайын салып беру болатын.

Ойын және спорт алаңқайларының игілігін тек көп қабатты үйлерде тұратын бүлдіршіндер емес, жеке тұрғын үйлердің балақайлары да көруі тиіс. Алайда көп жағдайда қажетті орынның болмауы себепті жеке секторда бұл мәселе шешімін таппай жатады. Депутаттың пайымдауынша, №9 округтің жеке үйлер орналасқан Сейфуллин атындағы көшенің Петровский көшесімен қиылысқан тұсында және Т. Масин атындағы көшенің Ә. Әйтиев көшесінің қиылысындағы бос орынға балалар алаңқайларын орнатуға мүмкіндік бар.

– Аталған көшелердегі әр үйде бірнеше бала бар. Олар көбінесе жол жиегінде ойнайды. Бұл өте қауіпті екенін айтпаса да болады. Балаларының өміріне алаңдаушылық білдірген бір топ ата-ана ойын алаңқайын ашу туралы өтініштерімен маған келді, - дейді депутат. – Сейфуллин көшесінің екі бетіндегі үйлердің арасы кең. Дәл ортасында бір кездері еріген қар мен жаңбыр суының Жайыққа қарай ағып кетуіне арналған кең арналы арық болған. Бүгінде арамшөп қаптап кеткен бұл жерде қоқыс үйіліп, көшенің сәнін кетіріп тұр. Егер көшедегі жол асфальтталып, екі жағына соқпақжол (тротуар) салынса, түскен қар уақтылы жиналып тұрса, ал жаңбыр суы жол жиегіндегі арықтармен ағып жатса, көшенің ортасындағы көлемді орынды балалар алаңқайын салу үшін пайдалануға әбден болар еді.

Аталған аумаққа жеткенде Еуразия даңғылынан Жайық жағалауына дейін тірелетін Петровский көшесінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған жол салынатын болғандығы туралы естіген жақсы жаңалығымызды да айта кетейік. Құзырлы мекеме өкілдері бұл мақсатқа жұмсалатын қаржы бөлініп, биыл жазда қолға алынатындығын айтып сендірді.

Жайық өзенінің Сейфуллин көшесінің шетімен ағып жатқан жағалауындағы аяқ алып жүргісіз қоқысты тазалау туралы мәселе санитарлық-экологиялық айлық аясында сенбіліктер ұйымдастыру арқылы оң шешімін табатын болды.

«Мың бір ұсақ-түйек» базары орналасқан Әйтиев көшесіндегі шұрқ-тесік жолдан көлік атаулы кібіртіктеп өтеді. Сондай-ақ бұл жерге көлік қоятын автотұрақ салу қажет. Д. Нұрпейісова атындағы көше жолының жағдайы да дәл осындай. Бұл жерде «Московский» базарының басшылығы өз күшімен соқпақжолды жөндеп, үш автобус аялдамасын орнатып қойды. Жол жөндеу мәселесін депутатқа аманаттады. Ол өз кезегінде бұл жөнінде жергілікті билік органдарына хат жолдады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарының айтуынша, Нұрпейісова атындағы көшеден Мұхит көшесіне дейінгі аралықтағы жолға ағымдағы жөндеу (ямочный ремонт) жұмыстары жүргізіледі.

Ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан Елизаров көшесінің жолын жөндеу мәселесі бойынша аталған аумаққа жеткенде, комиссия мүшелерін осы төңіректің тұрғындары күтіп алды. Бірімен-бірі жарыса сөйлеп, мұң-мұқтажын айтқан сайлаушылардың сөзінен ұққанымыз – қайта құру кезеңіне дейін асфальтталған жолдың бойымен екі бірдей маршруттық көлік жүріпті. Қазір ең жақын аялдамаға жету үшін 4-5 көше орамынан өту керек. Сол кезде тақтайдай тегіс жолдың бұзылуына «Землячка» зауытына Жайықтан су тарту үшін құбырлар өткізу жұмыстары себепші болды. Зауыт жабылғанда, әлдебір пысықайлар құбырларды да қазып алып кетті. Енді бүгінде, міне, зауыт та жоқ, жол да жоқ, жері ойқыл-шойқыл болып қалды. Соқпақжол, арық дегендер бұл аймақтың тұрғындарының түсіне де кірмейді. Жауын-шашынды күндері көшеде көлік түгілі жаяу адам да жүру мүмкін емес. Тіпті арнайы шақырумен келген «Жедел жәрдем», такси көліктері де кіре алмайды екен. Ал қар тазалаумен немесе көшені тегістеумен айналысатын арнайы мекемелер бұл жаққа ат ізін салмақ түгілі, телефондарын да көтермейді.

— Суымыз бар, жарығымыз бар, бірақ осы жол мәселесі қинап тұр. Жасы ұлғайған қарияларымыз, мектепке қатынайтын балаларымыз бар. Біздің көшеде жарық болғанымен, қапталдас көшелерде кеш түскен соң, көзге түрткісіз қараңғылық орнайды. Қаланың дәл ортасында тұрып, жол бейнетін көріп отырғанымыз ақылға сыйымсыз, — дейді ашынған тұрғындар.

Биыл Дәулеткерей көшесіндегі жолдың жөнделетінін айтқан қалалық әкімдіктің қызметкері тұрғындарды толғандырған мәселені өзіне түртіп алды.

Тұрғындардың тағы бір атап айтқан мәселесі – орталықтандырылған кәріз жүйесі қажет.

Жұмыс тобының мүшелері оларға қазіргі таңда ең қажетті мәселені анықтап, депутат Ж. Сафуллиннің назарына жеткізуді ұсынды. Содан кейін ғана іс қолға алынбақ.

Комиссия мүшелерінің соңғы аялдаған нысаны – Фрунзе көшесінің бойында тұратын кейуаналардың айтуынша, кеш түскеннен түн ортасына дейін дәмханаға келген көңіл көтерушілердің айқай-шуы, ащы суға тойып алғандардың көше бойында табиғи қажеттіліктерін өтеуі айналадағы тұрғындардың мазасын алып, берекетін қашыруда екен.

Азық-түлік базарының дәл түбінде тұратын тұрғындардың мазасын алатын тағы бір жайт – үлкен жүк тасымалдайтын көліктердің осы төңіректі тұраққа айналдырып алуы. Базарға жақын жерден тұрақ тауып, мұздатқыштарын қосып, түн баласына ұйқы бермейтін жүргізушілерге жергілікті әкімдіктің шешімі де, тәртіп сақшыларының ескертулері де әсер етпейтін сыңайлы. Базардағы тазалық ережелерінің сақталмауынан жаз мезгілінде іріп-шіріген көкөністер мен жеміс-жидектердің күлімсі иісі қолқаны қабатынын айтады тұрғындар.

Досмұхамедов көшесінің бойындағы заңсыз сауда-саттық жасаушылардың тазалық сақтамауы туралы наразылықты «Мирлан» орталық базары әкімшілігінің өкілдері де білдірді.

Депутаттың айтуынша, атқарушы билік тарапынан ниет болса, жергілікті полициядан күзет қойып, белгіленбеген жерде сауда жасағаны үшін айыппұл салу арқылы заңсыз сауда-саттыққа тосқауыл қоюға болады екен.

— Сайлаушылардың ұсыныс-ескертпелері әрдайым менің назарымда болады. Депутаттық міндеттерімді орындау барысында олардың жүзеге асуына бар күш-жігерімді салып, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жұмытанамын, — деді Жантас Сафуллин сапарымыз аяқтала келгенде.

Айгүл Ахметова

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале