Орал қалалық сотының үкімімен Н.Ғинаятов ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1, 2-тармақтарына сәйкес (қызмет бабын пайдалана отырып, ірі көлемде жасалған алаяқтық) кінәлі деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңы 4-бабы 2-бөлігіне сәйкес негізгі жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің төрттен бірі қысқартылып, қалған уақыты 2 жыл 3 ай деп саналды. Қылмыстық атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесі жазаны өтеу орны ретінде белгіленді.
Н.Ғинаятов сонымен қатар өмір бойына құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан және полиция майоры шенінен айырылды.
Сот үкім шығарған кезде оның бұрын сотталмағанын, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екенін, кінәсін мойындағанын ескерді.
Сот талқысында белгілі болғанындай, Н.Ғинаятов Орал қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары лауазымын атқара отырып, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласып, автокөлікті жасырын ұрлауына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша оң шешім қабылдауға көмектесемін деп, 2 млн. теңге алған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
zhaikpress.kz