4.05.2017, 12:26
Оқылды: 86

Серіктестікте еділбай қойының саны 18 мыңнан асқан

 Janakala mal 01   Жаңақала ауданының басшысы Лавр Хайретдинов бастаған шағын топ ата кәсіпті нәсіп еткен ағайынның бүгінгі тыныс-тіршілігі төл алу барысымен арнайы барып танысып қайтты. Малшы жағдайын білуді мұрат еткен басшылар ат басын алдымен  «Муса» шаруа қожалығына бұрды.

         Бұл шаруашылық -  мұхиттың әр жағынан «Ангус», «Герефорд» асыл тұқымды  ірі қара малдарын әкеліп, біздің жерде өсіріп жатқан өңіріміздегі алғашқы қожалық.


    Қожалық иесі Тілеген аудан басшысына шаруашылығын, төлдерін көрсете жүріп, алға  қойған мақсаттарымен бөлісті. Оның сөзіне құлақ түрсек, мұндағы абердин-ангус сиырының саны бүгінде 400 басқа жеткен. Оның 15-і бұқа екен. Малдары да ойдағыдай өсіп, төл алу науқаны да қыза түскен. Былтыр, яғни 2016 жылы осы ангустен 80 бас төл алынған болса, биыл 240 бас төл алынған.

Janakala mal 02

         Аудан басшысы бастаған топтың келесі ат басын тіреген жері осы «Муса» шаруа қожалығының герефорд малын ұстап отырған Жиекқұм деген қыстағы болды. Құмның ортасында орналысқан Жиекқұмда 120 бас герефорд сиыры мен 4 бас бұқасы бар екен. Мұнда да жайылып жүрген табынды аралап, герефордтың төлдерін көрдік. Герефорттық бұзаулар кәдімгі бұзаулардан ірі болып келеді. Асыл тұқымды малға мемлекеттен берілетін субссидиядан биыл 10 млн. теңге алған қожалық, оның 5 млн. теңгесіне жем алғандарын айтады. Қожалық жұмысшылардың әр қайсына 45 мың теңгеден 50 мың теңге аралығында айлық төлеп отыр.

      «Бірлік» ЖШС - ауданымыздағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Асыл тұқымды қой өсіреді. Серіктестіктегі еділбай қойының саны 18 мыңнан асады. Бүгінгі таңда Қанат Ешімов басшылық жасайтын «Бірлік» ЖШС-і  7100 бас саулықтан 6 мың қозы алып үлгірген.

      Сапар соңында аудан басшысы Жыра қыстағындағы еділбай тұқымының құйрықты қошқарларын аралап, шаруалармен жүздесті.

Нұрғали САҒЫНҒАЛИ 

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале