8.05.2017, 14:33
Оқылды: 49

Майдангерге құрмет көрсетті

Screenshot_2017-05-08-19-24-47-1Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр Жалпақтал ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбат Сәрсембиевтің шаңырағында болып, майдангерді Жеңістің 72 жылдық мерекесімен құттықтады. Отан үшін от кешкен қарияға денсаулық, амандық тілеп, ардагерге командир сағаты мен арнайы сыйлықты табыс етті.


Жұбат Сәрсембиев 1923 жылы 1 қаңтарда Жаңақала ауданының №8 Тұрдықұлы селолық советінде дүниеге келді. Соғысқа дейін еңбек етіп, 1942 жылы Жаңақала ауданынан майдан даласына аттанды. 1943 жылы 65-атқыштар жаяу әскери полкінде болды. Сол жылы Р.Малиновский жетекшілік еткен «Ростов» шабуылы» операциясына қатысып, қаланы жаудан тазартады. 3-Украина майданы 58-атқыштар дивизиясы құрамында Орел, Курск, Прохоровка, Усманов қалалары мен бірнеше селоларды жаудан тазартуға қатысады.

1944 жылы майдан даласында жараланып, әскери тапсырманы ойдағыдай орындап, көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Госпитальда ұзақ емделіп, 1944 жылдың маусым айында елге оралады. Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор, 1945-1947 жылдары Фурманов аудандық ішкі істер бөлімінің өрт инспекциясының бастығы қызметін атқарады. Кейін Фурманов аудандық ауылшаруашылығы мекемесінде еңбек етіп, "Красный партизан" совхозында ферма меңгерушісі болды. Бар саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған ақсақал бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.

Қарт майдангер мерейлі мерекеде өзін арнайы құттықтап келген аудан және ауыл әкіміне, аудандық мәслихат хатшысына, аудандық ақсақалдар алқасына, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалына, аудандық қорғаныс бөліміне ризашылығын білдіріп:
-Мен Мемлекет басшысының Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ерекше көңіл бөлетініне разымын. Бұл - өзім сияқты барша майдангердің тілеуі. Ал сіздерге біздің көрген бейнетімізді бермесін, жасымызды берсін. Өткен тарих қайталанбасын, еліміз тыныш болсын!-деген тілегін жеткізіп, батасын берді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН

Жалпақтал ауылы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале