Теректіліктер де республикалық «Мейірімді көктем» акциясына өз үлестерін қосты. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауына ие болған шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тауып, тағдыр сынына ұшыраған отбасы мүшелерінің кеудесіне үміт отын жақты.
Кеште аудан әкімі Мұрат Мұқаев сөз сөйлеп, қолұшын созып, көмек берген қайырымды жандарға алғыс айтты.
Қайырымдылық концертін қолдауға облыс орталығынан Медет Оразов, Рүстем Керей, ағайынды Аслан, Жасұлан Зинеденовтер, «Батыс STAR» мен «Інжу» тобының өнерпаздары келіп, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады.
Акция аясында сатылған билеттерден 580 мың теңге көлемінде қаржы түскен. Оның 455 000-ы ота жасатуы тиіс және оңалту орталықтарында ем алуы қажет мүмкіндігі шектеулі 7 баланың жолақысын қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Қалған 125000 теңгеге аз қамтылған 12 жанұяға азық-түлік сатылып алынды.
Кеш соңында ұйымдастырушылар атынан «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Төлегенова сөз сөйлеп, көмек қолын созған бөлім басшыларына, тұрғындарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар көмекке мұқтаж балғындардың ата-анасына (7 баланың) 65000 теңге салынған конверттерді ұсынды.
Аягөз АЙТҚАЛИЕВА
Теректі ауданы
zhaikpress.kz