Биыл Ақжайық ауданынан Бөкей ордасына немесе Сарайшыққа саяхаттайтын мектеп оқушыларының саны әлдеқайда көбеймек.
- Кеше ғана аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназияның 20 оқушысы Сарайшықта болып, зор әсермен оралды. Алаш қозғалысының ғасырлық датасына байланысты да ауқымды істер орындалады. Осындай саяхаттардың бағдарламасын мұқияттап түзіп отырмыз,- дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Абдолова.
Биыл аудандағы 6070 мектеп оқушысы жазғы демалыспен түгел қамтылады. Жайықтың жағасындағы Атамекен, Шалқар көлі жағасындағы «Ақ шағала» тынығу лагерьлері әдеттегідей, 1 маусым күні ұл-қыздарды қарсылайды. Чапаевтың іргесіндегі «Жас қыран» шатырлы лагері шілденің басында жұмысқа кіріседі. Облыстық лагерьлерге баратын балалар да аз емес. Жаз бойына айталық, «Туған жер» бағдарламасы бойынша оларға мәнді күндер ұйымдастыру үшін мұғалімдер, тәрбиешілер қолдан келгеннің бәрін жасауда.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz