24.05.2017, 17:55
Оқылды: 48

«Алаш жолымен...» экспедициясы аяқталды

Sirim Alash joli ekspediciasi   Cырым ауданында «Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедицияның жұмысы аяқталды. Сырым ауданы әкімдігінің ықпалымен жүзеге асқан бұл экспедиция Алашорда үкіметінің құрылғанының 100 жылдығы мен Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толу оқиғаларына арналып отыр.


   Экспедициялық құрам 8 күннің ішінде Жымпиты – Қаратөбе - Ойыл – Ақтөбе – Астана – Семей – Астана – Ақтөбе – Жымпиты бағыттарын жүріп өтті. Бұл орындардың барлығы - Алашорда үкіметінің тарихында «қызыл нүктемен» белгіленген жерлер. Нақты осы жерлерде Алашорда үкіметінің қызметі орнап, қайраткерлері еңбек еткен.

  С.Датұлы атындағы аудандық тарихи - өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева жетекшілік еткен топтың құрамында тарих ғылымдарының кандидаты, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің аға оқытушысы Есқайрат Хайдаров, Бұлдырты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Еркін Мырза, «Сырым жауһарлары» қоғамдық ұйымының төрайымы Мәншүк Бахитова, «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы және Қ. Мырзалиев атындағы мектептің оқушысы Азат Беріков сияқты мүшелері болғанын айта кеткен жөн. Олар белгіленген нүктелердің барлығында болып, тарихи – мәдени орындарды аралады, жергілікті жердің тарихы мен Алаш тарихына қатысты мұражайлармен танысты әрі өңірлердегі тарихшы ғалымдармен жүздесті. «Алаш жолымен...» экспедициясының Шығыс Қазақстан облысындағы негізгі шарасы Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап кітапханада өтті. Экспедиция құрамы келер жолда Астана қаласында Мемлекет тарихы институтында кездесу өткізді.

   Экспедиция құрамы бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында салтанатты түрде қарсыланды. Кейін ауданның зиялы қауымымен кездесу болды. Бұл экспедиция жұмысының нақты қалай өрбігені мен нақты қай жерлерге аялдағаны және жергілікті тарих үшін нақты қандай үлес бола алатыны жайлы оқырман қауым кейінірек білетін болады.

Б. Шерім

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале