Бейсенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов бастаған экономикалық реформа және өңірлерді дамыту комитетінің бір топ мүшелері жұмыс сапарымен Теректі ауданы мен Ақсай қаласына болды.
Халық қалаулыларының жұмыс сапары Теректі ауданының Новопавлов ауылындағы су құбырын қайта құру құрылысының жұмысымен танысудан басталды. «KazConstructionGroup» ЖШС-ның мердігерлігімен қолға алынған құрылыс нысаны қараша айында аяқталмақ. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қолға алынған жобаның жалпы құны 203, 402 млн. тенге тұрады. Су құбырының жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайды. Қазір бұл нысанда орлар қазылып, құбырлар тартылуда. Құрылыс толықтай жүзеге асқан жағдайда 619 тұрғын таза ауыз сумен қамтылатын болады.
- Таза ауыз суға бөлінетін қаржыны қадағалап, құрылыстың сапалы орындалуын тексеру - Парламент депутаттарының да жұмысы. Сондықтан ауылдағы ағайындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінген құрылыс нысандарының жұмыс барысымен танысуға келдік. Жалпы, Батыс Қазақстан облысының ауыл-аймақтарына су тарту үшін 5 млрд. 600 млн. теңге қаражат бөлінді. Екі жылдың жоспары бойынша 51 ауылға таза ауыз су тартылатын болады. Парламент Мәжілісінің отырысында республикалық бюджетті талқылаған кезде де осы мәселеге жиі тоқталамыз, - деді Нұртай Салихұлы Новопавлов ауылының тұрғындарымен кездесу барысында.
Гүлсезім БИЯШЕВА,
zhaikpress.kz