2.06.2017, 10:36
Оқылды: 50

Саяжайды қала аумағына қосуды облыстық мәслихатта қарауға ұсынбақ

саяжай 03   Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жиналысының отырысы өтті.

   Партияның облыстық филиалының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткен фракция мүшелерінің жиналысында алдымен депутаттық фракцияның І тоқсандағы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.


   С.Сүлейменнің айтуынша, фракция жұмысы жоспарлы түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері еліміздің саяси өміріндегі маңызды мәселелерге байланысты фракция жиналысының төрт отырысы өткізілген. Партия мүшелері – мемлекеттік органдар басшыларының мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуы туралы есептері тыңдалды.

   Депутаттық фракцияның Ережесіне сәйкес барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 2016 жылы атқарған жұмысына «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты баға берген. Биыл да солай болмақ.

  Басқосуында есеп берген «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінетін қаражаттың нысаналы және тиімді пайдаланылуы бойынша бақылау жүргізудегі фракция жанындағы комиссия басшысы Ляна Тұрсынова аталмыш бағдарлама бойынша Оралда қолға алынған құрылыс жұмыстары кестеге сай және бөлінген қаржының тиімді жұмсалып жатқандығын айтты.

   Сонымен қатар фракция мүшесі Нұрлан Серғалиевтің атқарған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды. Халық қалаулысы Зашаған кентіндегі Ахметов көшесінің тұрғындарының кәріз, су құбыры желісін «Жайық су арнасы» кәсіпорнының құзырына беру жөніндегі өтініштеріне орай депутаттық сауал жолданғанымен іс жүзінде мәселенің шешілмей отырғандығына қынжылды.

    Сондай-ақ Зашағандағы халық арасында «Птичник» аталып кеткен саяжай тұрғындары үйлерін салып, өз күштерімен электр желісін тартқан, суды қал-қадірінше жеткізіп алуда. «Әкімдіктегілер саяжай қала аумағына кірмейді дейді. Ал сайлау кезінде тұрғындар қала бойынша дауыс береді. Алайда жол мәселесі шешілмеген, қоқыс таситын көліктер кіре алмайтындықтан, тау төбе қоқыстар жатыр. Саяжай жерін қала аумағына кіргізуді облыстық мәслихат қарауына ұсынып, фракция мүшелері бұл мәселеде мені қолдайды деп сенемін. Саяжай тұсындағы күре жолмен үлкен жүк көліктері өтеді. Ал жолды қиып өтетін жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Биылдың өзінде 4 қайғылы оқиға болған. Күре жол қалаға қарамайды, халықаралық жол деседі», - деді Нұрлан Серғалиев.

   Басқосуда партия мүшелері – мемлекеттік органдар басшыларының мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуы жөнінде есептері, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың «Денсаулық» бағыттары бойынша партиялық тәлімгерлерге берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есептері тыңдалды.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале