6.06.2017, 11:31
Оқылды: 49

Бір қорадан – 43 бас сиыр бруцеллез

Естіген құлақта жазық жоқ. Бұл жағымсыз хабар құлағымызға тиген бойда аудандық ветеринария бөліміне телефон шалып, ақ-қарасын сұрадық.

-Ия, шыққаны рас. Бруцеллезге оң нәтиже берген малдары түгел жойылды. Қорасы залалсыздандырылды,-деді ондағылар.

Қожалық басшысының өзімен жүздескенімізде:

-Күтпеген жағдай болып отыр. Иелігімдегі 102 бас сиырымның 43 басы бруцеллезге шықты. Өткен жылы таза болып еді. Аурудың қайдан шыққанын, қайдан жұққанын білмей далмын. Ауру мал түгел жойылды,-дейді Д.Каменов.

Ол жер тарлығынан қыстақтар тығыз орналасқанын, өрісте малдары араласып жатқанын, аурудың шығу төркіні содан ба деген күдігін де жасырмады.

-Сиырларымның бәрі жергілікті өнімсіз тұқым еді. Өнімі аз бұл малды түгел жойып, текті мал алуға қимай жүр едім. Енді еріксіз мәжбүр болған сияқтымын. Қалған сиырларымды күзде түгел сатып,  қораларымды санитарлық талапқа сай залалсыздандырып, енді текті мал – асылтұқымды сиырлар сатып алуды ойлап отырмын,-дейді қиындыққа қайыса қоймайтын табанды, нар тұлғалы шаруа.

Бір жамандықтың бір жақсылығы болады. Заман талабына сай өнімді мал өсіруге себеп болғаны, шаруаның соған бел байлағаны орынды-ақ. Десе де бір қорадан мұншама малдың ауру болуы аудандағы ветеринариялық жұмыстың әлі төмен деңгейде екенін көрсетеді. Ертең алынатын асыл тұқымды мал да тар жайылымда басқа малдармен араласып жатқасын ауру жұқтырмауына кім кепіл?

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале