Түркияның Анталия қаласында «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық Достық форумының оқушылар мен балалар фестивалі өтті. Оған Бөкей Ордасы аудандық саз мектебі домбыра сыныбының оқушысы Ерасыл Есмақ (жетекшісі Саида Әжіғалиева) қатысып, қазақтың қара домбырасының құдіретіне тәнті етіп қайтты. Түрік елінің сахнасында Баламайсанның «Қыз Ақжелең» күйін төгілтіп, жүлделі І орынды қанжығасына байлады.
Әлемнің әр елінен келген өнерлі балғындар бақ сынаған байқауға оқушылармен қоса, студенттер де қатысты. Бұл айтулы өнер бәйгесінде бағы жанған Ерасыл ұстазы мен ата-ана үмітін ақтады.
Жол қаражатын тауып, көштен қалдырмай баптаған жүйріктері шетелдіктердің алдында шідер салдырмай, жеңіс тұғырынан көрінді. Енді дарынды шәкірт қараша айында Дубай қаласында өтетін халықаралық байқауда бақ сынамақ.
Гүлнар ҚАДЫРОВА
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz