13.06.2017, 15:16
Оқылды: 58

Белділер белдесуі

Bokei kyres birmanov   Бөкей Ордасы ауданының құрметті азаматы, КСРО спорт шебері, ауыл шаруашылығы министрлігі жоғары оқу орындары студенттері арасындағы еркін күрестен ел біріншілігінің жеңімпазы, ҚР чемпионы Нұрлыбек Бірмановтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ауданаралық ашық турнир ұйымдастырылды.


   Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов палуандар мен олардың жанкүйерлеріне жүрекжарды тілегін жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Осынау дүбірлі додаға Орал қаласы, Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек, Ақжайық аудандарынан үміткерлер қатысқанын айта кетелік.

   Сонымен, алғашқы кезекте өгіз палуандар (80 келіге дейін) белдесуінде суырылып алға шыққан оралдық Саят Сейітқали мен ордалық Нұрбек Ғазезовтің арасындағы тартысты бәсекеде ұпай санымен ұтылып жатқан ордалық палуан соңғы сәтте қарсыласынан айласын асырып, бірден таза жеңіске жетті. Сөйтіп, Нұрбек бірінші орынға көтерілсе, Саят екінші, ал, Б.Меңдешев (Бөкей орда) пен Ж.Меңдешев (Бөкей орда) жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті. Шебер әдіс қолданып көзге түскен Жанайдар Меңдешевке Нұрлыбек Бірманов дайындаған арнайы сыйлық табысталды.

    Бұдан кейінгі түйе палуандар (80 келіден жоғарылар) сайысында Ринат Абатұлы (Ақжайық) мен Ерназар Хамзин (Орал қаласы) күш сынасып, оралдық мықтының асығы алшысынан түссе, ақжайықтық жігіт екінші орынды місе тұтты. Үштікті Жанарбек Қауысов (Бөкей орда) пен Ниязбек Оңайәлиев (Жәнібек) еншіледі.

   Кеш соңында Нұрлыбек Шайдоллаұлы жарысқа қатысушыларға алғыс айтып, жүлдегерлерді өзі марапаттады.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале