Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында Жәнібек ауданындағы Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге елді мекенінде медициналық пункт күрделі жөндеуден соң пайдалануға берілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов, аудандық орталық аурухананың директоры Сәуле Исмағұлова, аталған ауылдық округтің әкімі Әлия Оспанова және жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары мен аудандық орталық аурухананың директоры лента қию рәсімін жасаған соң тұрғындар ғимараттың ішімен танысты. Мекеменің сыртына сай, іші де сыңғырлап тұр: әйелдер, балалар, емшара, қабылдау бөлмелеріне жаңа құрал-жабдықтар қойылған. Фельдшер Қалует Қадырболатқызы осында 2015 жылдан бері қызмет атқарып келеді екен.
-Мекемеге күрделі жөндеу жүргізген «Символ» ЖШС (жетекшісі Есқайыр Елемесов) құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде толық әрі сапалы аяқтап шықты. Ғимаратқа жапсарлас электр қуатымен жылытатын қазандық бөлмесі, қасбетінен кіреберіс дәліз бен мүгедектерге арналған пандус салынды,- дейді ауылдық округ әкімі Әлия Болатқызы.
А.ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz