22.06.2017, 17:43
Оқылды: 97

«Ақшасыз, ұялы телефонсыз саяхаттауды мақсат еттім...»

IMG-20170622-WA0005Еңбек демалысы басталғанда Әуесхан Астана қаласынан жолға шығады. Жолшыбай кездескен автокөліктермен Қостанай, Тройцк, Челябинск, Золотуст, Уфа, Қазан, Мәскеу, Рязань, Тамбов, Саратов, Волгоград, Волжск, Быков, Палласовка қалаларында болып, бүгін түс ауа Жәнібек ауданы орталығына келіп жетті.


Аязбаев Әуесхан Ескендірұлы 1983 жылы Қостанай облысының  Жетіқара ауданының Чайковский ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Астана қаласында құрылысшы. Кезекті еңбек демалысына шығуды күтіп жүрген астаналық азамат көршілес Ресей мемлекетінің қалаларын аралап, өз көзімен көруді армандайды. Әйткенмен Астанадан Мәскеу қаласына дейінгі поездің билет құны 54000 теңге екенін естігенде көңілі түседі. Мұндай қаражатты оның қалтасы көтермейтінін білген Әуесхан қалайда өз арманын орындап, саяхатқа шығуға бекінеді. Мұның ойын естіген немере ағайыны түбегейлі қарсы болып, қаражатсыз саяхаттау мүмкін еместігін айтып, саяхатшыны тоқтатқысы келеді. Әйткенмен Әуесхан өзінің айтқанынан қайтпай, ақыры немере ағасы Рүстеммен бәстеседі. Ешқандай қаражатсыз, ұялы телефонсыз жаяу саяхат жасап, ел мен жерді өз көзімен көруге болатынын дәлелдеуді мақсат тұтады.

Ендігі ойы Жәнібектен Оралға ат басын тіреп, әрмен қарай Астанаға жол тарту. Әуесхан жолда көптеген қиындықтарға да тап болған екен. Онысын жасырмады.5670

-Жолшыбай өтіп бара жатқан көліктердің бірі тоқтаса, бірі тоқтамайды. Бір күнде 15-20 шақырым жаяу жүрген күндерім, тас жолдарда, аялдамада түнеген кездерім болды. Әсіресе, Ресейде көліктер бейтаныс адамға тоқтамайды екен. Бір байқағаным жолшыбай кездескен жолаушылар ыстық ілтипаттарын білдіріп, қамқорлық танытып, ақша, тамақтарын беріп қолдады. Ресейде полиция қызметкерлерінің күмәнді тексерістері мен олардың ақшасыз жүргеніме таң қалғандарын жасырмаймын. Золотуст, Қазан, Мәскеу қалалары ерекше ұнады. Тылсым табиғаты баурап алды. Бірнеше ұлт өкілдерімен дәмдес және сапарлас болдым. Бір байқағаным, барлық ұлттың менталитеті ұқсас екен. Қонақшылдық қасиеттерін жоймаған. Менің мақсатым ақшасыз жолға шығып, қазіргі таңда ұялы телефонсыз шыдамдылық пен төзімділікті серік қылып, саяхаттау болатын. Әзірге бәрі ойдағыдай. Қазақ еліне аман-есен табан тіредім, -дейді саяхатшы  бізбен әңгімелескенде.

Әуесханның  әңгімесін тыңдай отырып, бір бойына біткен қайсарлық пен жігерлікке тәнті болдық. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген саяхатшы  Әуесхан Ескендірұлы сияқты алдына қойған мақсатына жетуде жалықпайтын жастарымыз көп болса екен. Астанаға аман жет, Әуесхан!

Әсемгүл  ҚУАНҒАЛИЕВА,

Жәнібек ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале