Облыс әкімі Алтай Көлгінов пен өңірдегі құрылыс саласының мамандары облыс орталығында жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады.
Өңір басшысы бастаған топ Орал-Атырау және Орал-Саратов жолдарының арасында, Зашаған кенті аумағында жүріп жатқан құрылыс жұмысын өз көздерімен көріп, жұмыс барысымен танысты.
Жаңа үйлердің жобасы тұрғындар үшін өте ыңғайлы жасалған, бұрынғы үйлерден бір айырмашылығы, сыртқы есіктері мықты және балкондарына дейін әйнектелген екен. Биыл салынып жатқан көп қабатты бес тұрғын үйдің төртеуі биыл күзде тапсырылмақ. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, бұл үйлер «ҚР Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесінің салымшыларына және қалалық әкімдіктің үй кезегінде тұрғандарға берілмек. Жұмыс кестеге сәйкес жүруде.
Көп қабатты тұрғын үйлерден соң жұмыс тобы «Сарытау» шағынауданында және Деркөл кентінде салынып жатқан мектептерге барып, құрылыс жұмысын қадағалады. Кездесу кезінде құрылыс компанияары №34 дақта көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуші «СКФ Отделстрой» ЖШС басшысы Валентина Михно қаладағы «Кірпіш зауытының» жұмысына наразылық білдіріп, құрылысқа қажетті кірпіштердің жетіспей жатқанын айтса, «Сарытау» шағынауданында 900 орындық мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «СВ плюс» ЖШС жетекшісі Сәбит Өтебалиев қосымша жұмыс күші қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, 20 адамнан құрылған бір бригада жұмыс істеуде, бұған қосымша тағы екі бригада керек. «Әрқайсысы 20 шақты адамнан тұратын екі студенттер отряды жасақталса (40-50 адам), олардың жалақысы 80 мың теңгеден кем болмайды» деген компания жетекшісі жастарды каникул кезінде қосымша табыс табуға шақырды. Бұл мәселелерді қаперге алған өңір басшысы тиісті сала мамандарына жоғарыда айтылған түйткілді мәселелерді тездетіп шешуді тапсырды.
Бұдан соң өңір басшысы бастаған жұмыс тобы Деркөл кентіндегі мектептерге (әрқайсысы 600 орындық) және №4 мектепке (300 орындық) барып, ондағы жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші «ҚФ Альтаир» және «Альтим ҚФ» ЖШС өкілдері жұмыстың кестеге сәйкес жүріп жатқанын және жұмыс күші мен құрылыс материалдарының жеткілікті екенін айтты. Деркөлдегі мектептердің бірінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Ал осы кенттегі тағы бір мектеп пен №4 мектеп құрылысы биыл күзде аяқталып, пайдалануға берілмек. Жолай жұмыс тобы Деркөл ауылындағы кварталішілік жолдарға соғып, ауыл ішінде су жаңа жол салып жатқан мердігерлермен кездесті. Мердігерлердің сөзінше, қазіргі уақытта Даля көшесінің 1 шақырым 270 метр бөлігіне екі қабатты асфальт жол төселуде, бұған қоса қосымша тротуар жүргізілуде. Жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның жетекшісі мұнда дәл қазір 50 адам жұмыс істеп жатқанын айтып, жолдың сапасына 5-7 жылға кепілдік берілетінін жеткізді. Жұмыс тобы №4 мектеп құрылысында да болып, ондағы жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанына куә болды.
Осы жерде облыс әкімі Алтай Көлгінов құрылыс саласы мамандары мен осы салаға қатысты өнім өндіруші жеке кәсіпкерлердің басын қосып, шағын жиын өткізді.
- Біз бүгін жартыжылдықты қорытындылау мақсатында бірқатар құрылыс нысандарын араладық. Өздеріңізге белгілі, биыл өңірімізде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше мектептер мен көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Осы екі бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыру үшін өңірімізге биыл жолды қоспағанда 21 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына 12,6 млрд. теңге, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3298 орындық 8 мектеп құрылысына 8,3 млрд. теңге бөлінді. Аталған бағдарламалар аясында 9 құрылыс компаниясы жұмыс істейді және 450 адам жұмыспен қамтылды. Жаңа мектептердің 4-і облыс орталығында, қалғаны аудандарда. Бұл мектептердің екеуінде, яғни, Зеленов ауданындағы Дариян ауылындағы 300 орындық мектепке 100 орындық интернат және Қазталов ауданындағы Қазталов ауылында да 100 орындық интернат салынуда. Бұдан басқа Ақжайық ауданының Шабдаржап деген ауылында алдағы уақытта 198 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда тендерлік процедуралар жүруде. Және қаладағы №4 мектеп те жаңадан салынуда. Бұл мектеп апаттық жағдайдағы мектеп болған, былтырдан бері оқушылар басқа мектептерде оқып жүр. Бұл, әрине, оқушылар үшін де, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де ыңғайсыздық туғызды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бұл мектептің құрылысына қажетті қаражат бөлініп, қазіргі уақытта жұмыс қарқынды жүруде. Бұйырса, күзде мектеп құрылысы аяқталып, балалар өз мектептеріне оралады.
Жоғарыда айтылған қос мемлекеттік бағдарлама өңірімізде көптеген құрылыс нысандарының салынуына мұрындық болып қана қоймай, сонымен қатар бірқатар жергілікті кәсіпорындардың жұмыспен қамтылуына себепші болды.
«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында биыл 15 тұрғын үй салынуда. Осының 8-і аудандарда, нәтижесінде 240 пәтер пайдалануға берілмек. Тағы бір үй Ақсай қаласында, қалғаны Орал қаласында. Құрылыс нысандарының маңайын абаттандыру жұмысы қарқынды жүруде.
Сондай-ақ, Деркөл ПДП-1-де тек биылдың өзінде 27 жол салынып, асфальтталуы керек. Осы жұмыстар аяқталған соң Деркөл ПДП-2-де де жолдар асфальтанады. Жол құрылысының сапалы жүргізілуі – қазіргі таңда өзекті мәселе болып отыр. Жолшыларға бүгінде талап күшейтілген. Жолдың сапасына кепілдік бұрын тек екі жылға берілсе, бүгінде бұл мерзім 5-7 жылға ұзартылды. Сапасыз жол салғандарды сотқа беріп, оларды өз ісіне адал емес мердігерлер тізіміне енгізудеміз. Ал мұндай тізімге іліккендердің жолдарының кесілетіні белгілі. Осындай жолдармен мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал етудеміз, - деген өңір басшысы әр кәсіпорын басшысынан қанша адамға жұмыс беріп отырғанын сұрады.
Айша ӨТЕБӘЛІ
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz