Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Абай Тасболатов келді. Мәжілісмендер аудан әкімі Төлеген Төреғалиевпен бірге аудандағы бірқатар нысандардың басында болды.
Олардың ең әуелгі аялдаған нысаны – 2015 жылы республикалық бюджеттің есебінен бой көтерген 160 көрерменге арналған дене – шынықтыру сауықтыру кешені. Күні бүгін бұл нысан аудандағы ең көп тұтынылатын әлеуметтік нысанға айналып отыр. Осы жерде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов Айбол Оразғалиев жаттықтыратын қазақша күрес үйірмесінің шәкірттерімен кездесті.
Кейін халық қалаулылары Жымпиты ауылындағы Асадуллин және Қолғанатов көшелеріндегі жаңа жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Депутаттар ауылішілік жолдардың салынуы жергілікті жердің инфрақұрылымының артуына бірден –бір себеп болады деп баға берді.
Сырым ауданы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Абай Тасболатовтың жұмыс сапары тірелген жалғыз аудан емес. Олар осыған дейін көршілес Қаратөбе ауданының орталығында болған. Сапардың негізгі мақсаты – елмен жүздесу, пікірлесу, бастысы Ақордадан аулақтағы ахуалды көзбен көру. Кешегі сапарларының соңында мәжілісмендер біздің аудандағы ардагерлер ұйымының мүшелерімен кездесті. Алаш саябағындағы пікірлесуде екі тарап елдің бүгінгі ахуалы туралы, рухани жаңғыру мен бірлік жайлы ортақ әңгімелер айтты.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы
zhaikpress.kz