Шежін ауылының тұрғыны Рафхат Байтуков он саусағынан өнер тамған шебер жан. Ол Шежін орта мектебінде дәнекерлеуші болып қызмет атқарады. Жастайынан темірден түйін түйген Рафхат жуырда ауласының жанынан қиял ғажайыпқа толы балалар ойнайтын демалыс орнын іске қосты.
Мұнда хас шебер жарамсыз болған темірлерді жиыстырып, оларды бір-біріне дәнекерлеу арқылы әдемі дүние жасап шығарды. Ешқандай несие алмастан ертегі әлеміндегідей әсем саябақты жасауға Рафхат біраз уақытын жұмсаған. Бұл тек ауыл балаларына ғана емес жалпы тұрғындардың алаңсыз демалуы үшін қолайлы орын.
Болашақта шебердің бастамасын одан әрі іске асырып, ойын алаңын абаттандыра түсу үшін аудан әкімі де қолдан келгенше көмектесетінін білдірді.
Бұрын соңды мұндай саябақты көрмеген ауыл балалары өздерінің алаңсыз демалуы үшін жағдай жасаған Рафхат ағаларының ісіне дән риза екендіктерін жасырмады
Е.ЕЛЕКЕНОВ
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz