Елбасымыздың 1992 жылғы 18 тамыздағы жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметі құрылғанды. 18 тамыз елімізде шекарашы күні ретінде аталып өтіледі.
Биылғы 25 жылдық мерейтой қарсаңында әскери басшылықтың бастамасымен жастарды отансүйгіштікке, елін, жерін қорғауға тәрбиелеу, шекарашылардың қиын да күрделі қызметін баяндап, көпшілікке таныстыру мақсатында патриоттық жоба қолға алынды. 19 мамыр күні Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар паркінен бастау алған эстафета 3 ай ішінде 15 мың шақырымнан астам жолды артқа тастап, шекарашылардың төл мерекесінде Астана қаласында қорытындыланбақ.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы бойымен өтіп келе жатқан эстафета тобы барлық шекара бекеттері мен аудан орталықтарында болып, жиындар ұйымдастыруда. 10 шілде күні Эстафета тұңғыштар мекені – Бөкей орда жеріне келіп жетті. Соған орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара оздырылды. Оған шекара қызметі сарбаздары мен сала ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен 20/36 әскери бөлімі бастығының орынбасары Тимур Қоқабаев құттықтау сөз сөйледі.
Эстафетаны қабылдап алу рәсіміне қатысқан өнерпаздар әуелете әнге басты. Әсіресе, кіші сержант Нұрлыбек Жүлекенов шырқаған «Елім-ай», «Родина моя», «Алға», сержант Ербол Бекесов орындаған «Егемен Қазақстан», Аягүл Кереева мен Әсем Таубаева сызылтқан «Қазағым-ай», Махамбет Қалыбаев асқақтатқан «Көк тудың желбірегені» әндері көпшіліктің көңілінен шығып, дуылдата қол соғылды. Шара соңында «Атамекен» әніне залдағылар да қосылып кетті.
Салтанатқа жиналған жұрт ел тыныштығын күзетіп тұрған шекарашыларға болаттай берік денсаулық, сауысқандай сақтық, қырандай қырағылық, арыстандай айбат, асқар таудый абырой тілеп тарасты.
Эстафета жалғасуда.
Каримолла ҒАЙСИН
zhaikpress.kz