14.07.2017, 16:35
Оқылды: 23

Павел Казанцев кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлерімен кездесті

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев өңіріміздегі кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлерімен кездесу өткізді.


Бұған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ  Құлжанова, облыстық кәсіподақтар  орталығының төрағасы Ербол Салықов және кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Елбасымыздың халыққа арнаған биылғы жаңа Жолдауына қысқаша шолу жасады.

- Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын болашаққа жасалған жоспар десек те болады. Бұл  - «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жүзеге асырылмақ. Жаңа Жолдау бес басымдыққа ие.  Біздің қазіргі мақсатымыз-осы маңызды құжатты халыққа түсіндіру, осы себеппен қазіргі уақытта біз жер-жерді аралап, халықпен кездесу ұйымдастырып жүрміз, -деген Павел Олегович  одан әрі Жолдауда көрсетілген әр басымдыққа ерекше тоқталды.

Сөз арасында ол кейбір заңдардың түрлі себептерге байланысты іс жүзінде толықтай орындалмайтынын айтып, салық және кәсіпкерлерге қатысты заң, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу туралы  заңның келесі жылы қайта қаралатынын айтты. Осыған қатысты мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Мерғалиев депутатқа  мемлекеттік қызметкерлер туралы заңның тым қатаң екенін айтып, оны жұмсарту керек деген пікірін жеткізді. Ол, сондай-ақ, депутаттан жер туралы заңның жағдайы не болатынын сұрады.

Бұған жауап ретінде халық қалаулысы кәсіподақтар туралы заңның алдағы күзде қайта қаралатынын және аталмыш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін екенін айтты. Жерге қатысты пікірінде  П.Казанцев жердің бос жатпай, мемлекетке пайдасын тигізгені жөн екенін жеткізді.

Жиын барысында халық қалаулысына басқа да сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале