19.07.2017, 15:41
Оқылды: 43

Арманы әлем шыңын бағындыру

Zelenov Armani alem shinin bagindiru   Интелектуалды спорт түрлеріне қызыққан облыс тұрғындары, зеленовтық Айша Залмұқанның есімін бірден таниды. Не бары 10 жасында дойбыдан еліміздің 6 дүркін чемпионы, Азия біріншілігінің 5 дүркін жүлдегері атанып үлгерген.

  Айта кетейік жуырда Орал қаласында өткен дойбыдан ел біріншілігінде бақ сынаған Айша ересектер арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.


   Қаршадай қыздың дойбыға деген қызығушылығын әкесі Тілек оятқан.

   - Алты жасымда әкем мені дойбы ойнауға үйрете бастады. Маған бірден ұнады. Алғашында өз отбасымызда ойнап жүрдік. Кейін мектепішілік жарысқа қатысып, жеңімпаз атандым. Ол кезде апам Роза аудандық облыстық сындардан орын алып келіп жүрген болатын. Менде сондай жеңістеріммен үй ішімді қуантқым келгендіктен дойбыға мықтап ден қоя бастадым,-дейді. Кішкентай болса да алдына үлкен мақсат қойған Айша көп ұзамай жақсы нәтиже көрсете бастайды.

   Өзі алғаш барған Қазақстан біріншілігінде бірден үш медальға қол созған ол Тараз төрінде классикалық дойбы мен блицта ел чемпионы болады. Ал рапид аталатын түрінде 2-ші орынға көтеріледі. Небары екі жыл ішінде ел чемпионы деген атаққа қол жеткізген ол ұлттық құрама сапына ілігіп, Ташкент қаласында өтетін Азия біріншілігіне аттанады.

   -Ташкент қаласына менімен бірге апам Роза да барды. Сондықтан алғаш барып тұрсам да қобалжу болмады. Апам қолдауын білдіріп жүрді. Ол жерде 2 екінші, 1 үшінші орын алдым. Өзбекстан елінің атынан сынға түскен құрбыма жол бердім,-дейді өзінің алғашқы үлкен бәсекесінің қалай өткенін еске алған Айша. Негізінен классикалық дойбыны көбірек ұнататын ол рапид пен блицты да жақсы меңгерген. Дегенмен қазақ қызына тән биязылығы болар асықпай отырып, әр жүрісті ойлана жасайтын классикалық дойбыға бүйрегі бұрып тұрады екен.

   Спорттың арқасында еліміздің әр қаласынан өзіне жаңа достар тауып, тіпті Азия елдерінен де жақсы дос кезіктірген Айша өзінің әлем чемпионы болсам деген арманына жету үшін тынбай еңбектеніп келеді. Бала түгілі ересектердің өзі армандайтын жетістікке жетсе де тынымсыз еңбектеніп келе жатқан ол үстіміздегі жылы тағы да Азия чемпионатына барып келді. Ол сында да туымызды жыққан жоқ. Екі 2-ші орын алды.

  –Азия біріншілігінде тағы да күміс алдым. Бұ жолы Моңғол елінің қызына жол беріп қойдым. Бірақ, бұл сәтсіздік мені шыңдай түсті. Енді жаттығуларымды екі есе арттыра түсем. Өйткені, мен әлем чемпионы болуым керек,-деген қыздың табандылығына таң қаласың.

   Айшаны анасы Нұрзия мен әкесі Тілек қыздарын әрқашан қолдап отырады. Апасы Роза болса, жаттығудан тыс уақытта сіңлісімен дойбы ойнап, шеберлігін одан әрі шыңдай түсуге көмегін беріп жүреді. Роза да аудан, облыс аумағында өтетін жарыстарда қарсылас шақ келтірмейтін дойбышы ел біріншілігінен екі мәрте күміс, екі мәрте қола медаль еншілеген спортшы.

  Қазіргі таңда Орал қаласында Данияр Қадырұлы деген жаттықтырушыдан тәлім алып жүрген Айша жаттықтырушысынан көп нәрсе үйренгендігін айтады. 6 жасында дойбы әліппесін ашып, 10 жасында ел мерейін асырып жүрген жас спортшымыздың жетістіктері аза емес. Алдағы уақытта да жеңістерімен қуантып, әлем шыңын бағындырысын деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.

Түгелбай БИСЕН

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале