20.07.2017, 15:04
Оқылды: 142

Сырым батырдың бауырлары атажұртына табан тигізді

Сырым ауданына Даттың Адамбайынан тарайтын Темірқұл қажы Тәліпұлы және оның інісі Әбділхамит қажы Сыдықбайұлы мен немересі Сабыреддин келді. Сырым батырдың аталас бауырларын ауылға «Дана.qaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы бастап келді.


Темірқұл қажының ата-бабалары Тәжікстанға өтіп, кейіннен Ауғанстан, Иран елдерінде тұрған екен. Қонақтарды қарсы алған аудан басшысы Төлеген Төреғалиев елдің тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп, Сырым Датұлының 275 жылдығы қарсаңындағы жоспарлармен бөлісті. Меймандар сонымен қатар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайында болды.
Темірқұл қажы Даттың бәйбішесінен туған Адамбайдан тарайды. Әкесінің аты – Тәліп. Оның әкесі – молла Естай. Оның әкесі – Беркін. Беркін бабасы 1777 жылдардың шамасында қатты қиындық көргесін, Батыс Қазақстанның Тайпақ ауданы өңірінен 500 шаңыраққа бас болып көшкен екен. Себебі қазақтың құнарлы жерлерін Ресей күштеп тартып алыпты. Ол жерлерді қазақтар әлдеқалай пайдалана қойса, оларға айып салынған. Қарапайым халықтан ретсіз алым-салық алуды да көбейтіпті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» болған уақыты екен. Халық ашаршылықтан қырылып, қиындық көрген. Тәжікстанға ауған қазақтар аузы дуалы адамдар болса керек. Тәжікстан үкіметіне «Біз қиыншылық көріп көшіп келдік, бізге қоныс бер» деп арызданып, оларды Қолап өңіріне орналастырған екен.
Ол жақта да Ресей үкіметі тыныштық бермей, Ауғанстанға көшіпті. Ауғанстанға барған қазақтардың бәрі де 1977 жылға дейін тыныш өмір сүрді. Совет солдаттары Ауғанстанға басып кіргенде Ауған елі көтеріліс жасап, соғыс басталды. Қарапайым халықтың күн көруі қиын болды. Барлық елге бүлік түсті. Малын-мүлкін тастап, қашуды бастады. Қазақтар Түркияға, Иранға қоныс аудара бастады. Бір мың отбасы Иранға барды. Ирандағы қазақтар Гурган, Бендертүркпен, Аққала, Кумбеткәус деген қалаларда отырады екен. Солармен араласып, он-он бес жылдай отырды. Ағайындардың көмегіменен ешқандай қиыншылық көрмей өмір сүріпті.
– 1991 жылы «Қазақстан егемендік алды, мемлекет болды» деген жақсылық хабар естігесін, қуанышымыз қойнымызға сыймай, жүрегіміз жарылғандай қатты қуандық. «Біз Отанымызға барамыз» деп Президентіміз Нұрсұлтанға арыз жаздық. «Біз Ауғанстан азаматы емеспіз, біздің ұлтымыз – қазақ, Отанымыз азат болды. Енді өзіміздің Отанымызға, елімізге, топырағымызға, жерімізге, мемлекетімізге барамыз» деп Иран өкіметіне де арыз жаздық. Арызымыз қабылданып, 1993 жылы бірінші Алла Тағаланың жәрдемімен, екінші елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен Қазақстанға көшіп келдік. Қазір Түркістан қаласының Ынтымақ ауылында тұрамыз,- дейді 81 жастағы Темірқұл қажы ақсақал.
Арғы аталары Беркінді «хан» деп те атаған көрінеді. Беркіннің Молла Естай есімді бір баласы болған. Молла Естай Ауғанстанның Құндыз қаласының Шардара ауылында өмір сүрген. Сол жерде қайтыс болып, жерленген. Молла Естайдың Ықсан, Құрбан, Тәліп, Имамеддин, Рахима, Меңгүл есімді төрт ұлы, екі қызы болған. Бұл кісілер Пұлқұмыр қаласының Гүргіреуік деген ауылында отырған. Тәліптің ұлы Темірқұл қажы, 1936 жылы Ауғанстанда дүниеге келіп, екі әйелінен жеті ұл, екі қыз көріп отыр.
Бірнеше ғасыр атажұрттан қол үзіп, ұзап кеткендіктен, елде қалған ағайындарды іздеп, ата-баба қоныс тепкен жерге өзі тұрмаса да, ұрпақтары көшіп келсе деген ақсақалдың арманы бар. Елден жырақта өмір сүрсе де, тілді, дінді, салт-дәстүрді ұмытпаған Темірқұл қажының немересі Сабыреддин бүгінде Зеленов ауданының Покатилов ауылының мешітінің имамы. Ұлының есімін ата-баба құрметіне Сырымдат деп қойыпты. Темірқұл қажы өзі де, немере інісі Әбділхамит те үлкен қажылыққа барып келген.
Атажұртты арнайы іздеп келген қандастарымыз Сырым Датұлының кіндік қаны тамған жері Қосарал ауылына барды. Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин қонақтарды қарсы алып, Даттың Сырымының жетінші ұрпағы Жұбан Зейнуллинмен жүздестірді. Жұбан аға Даттың шежіресімен таныстырды. Бұрын «Адамбай ағашы» атты ағаш болғанын айтты. Бүгінде бұл ауылда Даттың Адамбайлары аз екен. Мүмкін қиын кезеңде көбі жан-жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған шығар.
Қонақтар Сырымның ұрпақтары Қазы мен Омардың зираттарына арнайы барып, Құран бағыштады. Құлпытастың жазуларын оқыды. Даттың жайлаған жерінің ауасымен тыныстады, аталарының табанының ізі қалған даланы көрді, жусанын терді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале