24.07.2017, 18:19
Оқылды: 44

Егіннен соңғы он жылда болмаған өнім алынуда

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиевпен бірге бірқатар шаруашылық құрылымдарының далалық жұмыстарымен танысты.


Ауданда егістің шығымдылығы жақсы. Сырым ауданы үшін соңғы онжылдықтағы үздік көрсеткіш десек, артық айтқандық болмайды-ау.

«Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазір күздік қара бидайын орып жатыр. Алқапты көзімізбен көрдік. Керемет. Нағыз әнұранда айтылған «алтын дән даласы». Сап-сары «теңіздің» ортасында екі жасыл «кеме» жүр. «Джон Дир» комбайндарын айтам. Кісілер келді деп комбайншылар кабинінен түсе шапқан жоқ. Жұмыстарын жалғастыра берді. Біздің де тоқтатқымыз келмеді. Даладағы еңбек майданының көркем көрінісіне біріміз өз көзімізбен, біріміз фотоаппараттың көзінен қарадық да тұрдық.

Екі комбайнға жұмыс шақ келіп жатқан жоқ. Айналып келіп, алып алқапты асап – асап жібереді.  Техникалардың тұрқы ірі болғанымен, жұмысқа керім епті екен. «Даланың сәні – комбайн!» дедік біз осыны көріп. Қос комбайнмен қапталдасып үлкен жүк көлігі жүр. Дала кемелері тоқтаған кезде, бункердің тұмсығының астына арқасын тоса қалады. Сосын саулайды сары бидай. «Тінәлі» серіктестігі қырманды да қамдап қойыпты. Аудан әкімі қырманның басында да болды.

Аудан басшысы осы күні «Шырдай» және «Сайнов. А» шаруа қожалықтарының да жазғы далалық жұмыстарымен танысты.

- Биыл шығымдылық жаман емес. Арпа гектарына 10-12 центнерден, күздік бидай ауданның орташа есебімен гектарына 17-18 центнерден алынады деп күтілуде. Сонымен қатар қазір барлық ауылдық округте мал азығын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Сырым ауданы биыл 128 мың тонна шөп дайындауға ниетті. Жоспар ендігі 40 пайызға орындалды. Жуық күндері Қособа, Жетікөл және Бұлан ауылдық округтері суармалы шабындықтарға техника түсіреді. Осыдан кейін шөп дайындау көрсеткіші тіпті арта түсуі тиіс.

IMG_9996Қазіргі күні шаруа қожалықтары арқылы жеке тұрғындарға шөп сату жұмыстары басталды. Шөптің бір бумасының құны 1500-2000 теңгеден, ал аудан орталығына жеткізіліп берілсе, 2500 теңгеден белгіленіп отыр,- дейді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев бізге далалық жұмыстардың басында берген сұхбатында.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале