Тасқала ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруды түсіндіру мақсатында жиын өтті.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Л.Жұбанышқалиеваның төрағалығымен өткен аталмыш жиынға БҚО білім басқармасының кәсіптік білім беру және мамандарды дайындау бөлімінің жетекші маманы Г.Жүсіпқалиева, Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Р.Мүсәлімова, Тасқала колледжінің директоры Б.Жәнекенов пен ауылдық округ әкімдері және жауапты мамандар қатысты.
Жиын барысында тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту бағытында үкімет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек пен жасалып отырған жағдайды тілге тиек еткен Люция Әсетқызы жұмыссыз және оқи алмай отырған жастарға аталмыш бағдарламаны кеңінен насихаттап, олардың мамандық алып шығуына көмек көрсету керектігін баса айтты.
-Қазіргі таңда Тасқала колледжінің жанынан 20 адамға кәсіптік білім беретін арнайы топ ашылды. Оған бөлінген шәкіртақы да бар. Оқуға келген студент жатақханамен қамтылатын болады. 4 АЕК көлемінде жол ақысы қоса беріледі. Бұл көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары мен жұмыссыз жүрген жастардың алаңсыз білім алуына өте қолайлы. Сондықтан әрбір ауыл әкімі, яғни мобилді топ осы салаға қатысты мамандармен тығыз байланыста жұмыс жасау керек,-деп атап өтті Люция Әсетқызы.
Н.Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz