28.08.2017, 19:42
Оқылды: 63

БҚО жастарының коалициясын құру туралы бастама көтерілді

Орал қаласындағы «Атамекен» туристік орталығында үш күннен бері «Жастар – Отанға!» жазғы саяси лагері өтуде. Бүгін шара аясында «Болашаққа бағдар: жастардың жетістік жолы» атты аймақтық жастар форумы өтіп, оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалы ұйымдастырған ауқымды шараға өңірдің 12 ауданы мен көршілес Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының жастар бірлестіктері мен студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері, танымал блогерлер мен журналистер, фотографтар мен видеографтар, белгілі спортшылар мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысты. Лагерьдің басты мақсаты – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған құндылықтарды насихаттау, жастар арасындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.

«Жастар – Отанға!» лагері – жас көшбасшыларға түрлі семинар-тренингтерден өтуге, жаңа идеялар мен жобалар ұсынып, өзара тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңы.

Лагерь барысында жастар жеке және кәсіби қасиеттерін дамытуға және жобалық қызметті үйренуге бағытталған түрлі тренингтерге қатысып, көптеген тың нәрселерді үйренді, тәжірибе алмасты. «Qazaqstan» ұлттық арнасының тележүргізушісі Мейіржан Әлібекұлымен және тілшісі,  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы Мирас Мұқашпен,  тарихшы, педогог Дәметкен Досмұханқызымен, «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сатқалиұлымен дидарласқан жас көшбасшылар көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, ой-пікірлерімен бөлісті.

Жазғы саяси лагерь қатысушылары бүгін «Болашаққа бағдар: жастардың жетістік жолы» атты аймақтық жастар форумында бас қосып, жастар мен жастар ұйымдарын «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмылдырудың және жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылады. Форум жұмысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, продюсер Алпамыс Шаримов, танымал әнші Марина Бигалиева, республикалық жастар ұйымының көшбасшысы Тоқтар Болысов қатысты.

Алғашқы болып сөз алған өңір басшысы Алтай Көлгінов Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-міндеттер туралы пайымдауларымен бөлісті. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу жолында жастарды «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе әрекет етуге шақырды.

– Облыста «Туған жер», «Атамекен», «100 жаңа есім» жобаларын жүзеге асыру бойынша  жобалық менеджмент кеңсесі іске кірісті. Оның басшысы облыстық мәслихаттың ең жас депутаты Салтанат Тұманбаева. «100 жаңа есім» жобасына халықтың қызығушылығы өте жоғары, өте көп сұрақ қойылып жатыр. Осы тұста жаңа есімдер қатарына атақты тұлғаларды қосамыз ба, жоқ па деген мәселе де туындайды. Тек біздің өңірден 1800 ұсыныс келіп түсті.

Рухани жаңғыру – ең алдымен туған жердің тарихынан бастау алады. Әр өңірдің өзінің ерекше жерлері бар. «Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны» қатарына біздің облыстағы Хан ордасы мен Жайық қалашығы енді. 500 микросокралды нысанды анықтау мақсатында Астана мен өзге өңірлерден бір топ мамандар келді, олар қазір аудандарды аралап жүр,  – дей келе Алтай Сейдірұлы халықтың ең белсенді әрі бастамашыл бөлігі жастарға ерекше үміт артып, олардан Қазақстанның дамуы мен жаңаруына үлес қосатын жаңашыл идеялар күтетінін атап өтті және де бұл жобалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсететінін жеткізді.

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев:

– Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды, жұмыс топтары нақты жоспарларын жасап, жан-жақты жұмыс жүргізілуде.  «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы қоғамдық талқылаулар негізінде сараптамалар жасадық. Рухани жаңғыру туралы көбі естіген, бірақ өкінішке орай оның контенті қандай, нәтижесі нендей болмақ, міне, осы жайттан хабарсыз. Осыған нақты жауап ретінде қоғамдық және әлеуметтік жобаларды басқару менеджменті арқылы жүзеге асыру міндеті тұр, – дей келе мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – үлкен идеологиялық платформаға айналуы керек деген пікір білдірді.

Ән әлеміндегі жетістігімен жаһан жұртшылығын таңдай қақтырған Димаш Құдайбергеновтің продюсері, жерлесіміз Алпамыс Шаримов жастармен өзінің жетістікке жету сырымен бөлісті. Форумға қатысушылар жиын соңында Рухани жаңғыру бағдарламасын, оның ішінде арнайы жобаларды лайықты жүзеге асыру мақсатында облыс жастарының коалициясын құру туралы бастама көтерді.

Жалпы, «Жастар – Отанға!» жастар саяси лагері 2008 жылдан бастап «Жас Отан» Жастар қанатының І съезіндегі ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен жыл сайын ұйымдастырылады. Осы уақыт аралығында лагерь еліміздің әр түкпіріндегі екі мыңнан астам белсенді де жаңашыл жастың басын қосқан.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале