29.08.2017, 13:27
Оқылды: 96

Газетте қызмет еткен аға буын бас қосты

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде облыстық «Орал өңірі» жəне «Приуралье» газетінің 100 жылдығы қарсаңында қос басылымда əр жылдары қызмет еткен аға буын өкілдері бас қосты.


Олардың қатарында журналист Тихон Əліпқалиев, Фазылғали Мұштанов, Сергей Аблаев, Қоблан Қуанов, Федор Попов, Тамара Шабаренина, Ярослав Кулик, Қадырхан Наукиевтер бар. Олар алдымен мекеменің әр қабатындағы фотокөрмемен танысып, әдемі естеліктерімен бөлісті. Көрмеде газет тарихын қамтыған 60 шақты сурет бар. Қонақтар бұдан соң баспасөз тарихын зерттеу орталығының музейін аралап көрді. Айта кетейік, музейде көне газет нөмірлері, қолжазбалар, қос басылымда еңбек атқарған қызметкерлердің пайдаланған бұйымдары, баспасөз ардагерлерінің жеке құжаттары, алғыс хаттар, грамоталар, журналистік зерттеулерден жәдігерлер жинақталған.

Меймандарға қош келдің айтқан «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Жантас Сафуллин баспасөз тарихын зерделеуде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Шара барысында «Ғасырды бағындырған басылым» деректі фильмі көрсетілді. Қос газеттің ғасырлық мерейтойымен құттықтаған Тихон Əліпқалиев, Федор Попов, Жұмағыз Ақтауовалар ақ тілектерін арнады.

Шарада сөз алған журналист Тихон Әліпқалиев қазіргі өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

- Сіздер дұрыс мән бермей жүрген мәселе – қазір еңбек келісімшарты жасалмайды. Бұл орайда жұмыс берушілер қарапайым халықтың еңбекақысын дұрыс бермейді, өндірістік жарақат алған жағдайда еш көмектеспейді. Ал жұмысшылар өз құқығын қорғай алмайды. Амал жоқ, күн көріс үшін көнеді. Прокуратура органдарымен тексеріс жүргізіп, газет беттерінде осы мәселені жазсаңыздар. Жалпы, халықтың заңгерлік сауаттылығын ашуға көп көңіл бөлуіміз қажет, - деді ол.

Айта кетейік, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің ғасырлық мерейтойына арналған негізгі шаралар 14 қыркүйекте өтпек.

 zhaikpress.kz

\

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале