31.08.2017, 12:10
Оқылды: 105

«Он төрт» романының таныстырылымы өтеді

7 қыркүйек сағат 11.00-де «Жайық Пресс» мекемесінде журналист, тележүргізуші, ақын Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» романының таныстырылымы өтеді.


Романның бас кейіпкері - небәрі 14 жасында өзінің көзқарасын өзгертіп, маңайына 14 жігітті жинап «Қазақ халқын қорғаушылар одағын» құрған жалпақталдық Ғұбайдола Әнесов. Романның жазылу барысын автор былай дейді:

- 2002 жылы журналист Амангелді Шахиннің «Сол бір сүргін» деген кітабы шықты. Қолымызға тиді, оқыдық. Оның алдында газеттерге Жалпақталдағы жастардың жасырын ұйымы жайлы мақалалар шығып жатты. Сол кезден бұл тақырыпқа қызығушылығым артты. Жас жігіттердің ештеңеден қорықпай бас көтеруі мені қатты ойландырды, таң қылды. 2003 жылдары сол 14 батыр жігітті арқау етіп әңгіме, повесть жазғым келді. Алайда қолыма қалам ала алмадым. Кие шығар. Әркез ойымда болды. Содан 10 жыл өткенде фильмге жақын дүние жасадым. Фильм түсіру барысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне кіріп, олардың істерімен таныстым. Көп нәрсеге қанықтым. Амангелді ағайдан сұхбат алдым. Арада уақыт өте берді. 2016 жылы жазып бастаған қолжазбам жоғалып кетті. Содан қайта бата алмадым. Тек биыл қолға алып, екі айдың ішінде жазып шықтым. Романды 14 жыл уақыт өткеннен кейін жазған екем. Ғұбайдолла Әнесовтің соңынан ілескен жігіттің саны да – 14. Кейіпкерімнің көзқарасы ағасымен әңгімелескен соң 14 жасында өзгереді. Сол себепті романның «Он төрт» деп аталуы заңдылық сияқты.

...Тарихты әдеби бағытта тірілту қиындау. Мәселен, ғылыми еңбекте «14 жігітті ұстап алды да қамады. Оларға қиын болды» делінеді, болды. Оны әңгімелеу қиынның қиыны. Сол мезетті тірілту керексің, бірақ көрген жоқсың. Менің кейіпкерім Ғұбайдолла Әнесов аудан, Оралдан басқа жерді көрмеді. Алайда ол болашақты болжады. Өлерінің алдында «қазақ халқының тәуелсіз болатынына сенемін» дейді. Романнан бір сюжетті айтып берейін. Ғұбайдоллаларды ат шанамен ұстап 9 күнде жеткізген екен. Оның ішінде таңы, түсі, кеші бар. Жолдағы азап... Содан келе жатқанда Ғұбайдолла «Жігіттер, қараңдаршы. Круглоозерное, Бударин... осы атаулар өзгермей болмайды» дейді. Әлі күнге өзгермеді. Сол нәрсені олардың аузына салдым, себебі олар солай айтуы мүмкін. Абай жолын жазғанда, Әуезов те сезіну арқылы жазды. Мен романды жазарда Жалпақталға бардым. Шанада отырдым. Өзіңді солардың орнына қоясың. Шығарма сонда жанданады...

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР білім беру ісінің үздігі Жаңабек  Жақсығалиев «Он төртті» мұқым қазақ баласы оқуы тиіс дейді:

- Батыс Қазақстан облысы көлемінде белгілі болған бұл саяси ұйым хақында республика жұртшылығы соңғы жылдары құлақтана бастады. Таңданарлығы – бұл ұйым Ұлы Отан соғысы басталардан сәл ғана бұрын құрылып, соның алдында жаппай тұтқындалған алаш арыстарының аманатын арқалап қалғандай әсер етеді. Арасында Орал педагогикалық институты тарих және физика-математика факультеттерінің алты студенті болған бұл жастар ұйымының он төрт мүшесінің бәрі де ұсталып, сотталған. Ал ұйым басшысы Ғұбайдолла Әнесов сол кезде небәрі он жеті жаста еді. 1943 жылы он тоғыз жасында Орал қаласындағы НКВД түрмесінде оққа байланған сол оғлан бүгін қаламгер Мұнайдар Балмолданың сиясы кеппеген «Он төрт» атты жаңа романының басты кейіпкері... Иә, «Бекмаханов ісінен» кейін ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға қазақ жазушылары білек сыбана кіріскені белгілі. Құдайға шүкір,  І. Есенберлиннен басталған алтын шынжыр үзілген жоқ. Кеңес дәуірін былай қойғанда ел тәуелсіздігімен бірге қаншама тарихи романдар жазылып жатыр. Соның бірі – қолымыздағы дүние. М.Балмолда бұл жолы тарихи тақырыпқа жазатын жазушылық қырымен ерекшеленіп, көркем шығармасымен жұртшылық назарын өзіне аударып отыр. Айтатынымыз, «Он төртті» мұқым қазақ баласы оқуы тиіс.

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале