6.09.2017, 11:00
Оқылды: 155

Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру қажет - Мұрат Сыдықов (ФОТО)

Jayik kala 04         «Рухани жаңғыру» бағдарламасына Қазақстандағы 100 қасиетті нысан тізіміне Батыс Қазақстаннан Жайық қалашығы мен Бөкей ордасы тарихи-музей кешені енгізілген болатын. Осыған орай Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру мәселесін тұрақты көтеріп келе жатқан  ҚР ҰҒА құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықовпен сұхбаттасқан едік.


         -Мұрат Наурызғалиұлы, биылғы қала күні мерекесі жылдағыдан ерекшелеу басталды. Яғни Жайық қалашығы мен одан табылған жәдігерлерді тағы бір таныстыру көне тарихқа бет бұру деп ойлайсыз ба?

 Jayik kala 02        -Иә, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа жобаларға даңғыл жол ашып отыр. Бұған дейін де Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Өңірде тек соңғы жылдардың жүзінде ғана жүздеген  мәдени және тарихи ескерткіштер ашылды. Қазіргі таңда Батыс Қазақстандағы ескерткіштер саны 2,5 мыңнан асса, соның 1966-сы - археологиялық нысандар. Осылардың үшеуі ортағасырлық кезеңге жатады. Соның ішінде ғалымдар шартты түрде Жайық қалашығы деп атаған ортағасырлық қаланың орны ерекше. Бұл Жайық өзені жағалауына казактар келместен көп бұрын қала мәдениетінің болғандығын, тарихымыздың тамыры әріде екендігін дәлелдейді. Орал қаласынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Жайық қалашығы ХІІ-ХV ғасырларға, Алтын Орда кезеңіне жатады. Қазба жұмыстары мұнда қала сәулеті мен мәдениеті жоғары болғанын көрсетті. Мысалы, қалашықтағы үйлер мен кесенелер күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш шығаратын арнайы пеш те болған. Шығыс моншасының өзі бір бөлек дүние. Жалпы құрылыс іздері анық байқалатын алаң көлемі 8 гектардай. Археологиялық зерттеулер барысында металл бұйымдары мен керамика, әшекейленген тақтатас қалдықтары, әйнек моншақ, жануар сүйектері және екі мыс ақша табылды. Бұл ақшаның бірінде жазу іздері сақталған. Онда «Сарайда соғылған 737» деген жазу бар. Яғни 737 хижра жылы ( біздіңше 1336-1337 жылдар ). Мұның Алтын Орданы 1313-1339 жылдары билеген Өзбек  ханның тұсында шығарылғаны еш дау туғызбайды. Жайық қалашығындағыдай,  монша Шығыста әлі күнге сақталса, кірпіш күйдіру пеші Еділ мен Жайық бойындағы Алтын Орда қалаларына Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстаннан әкелінсе керек. Алтын Орда дәуірінде мұндай пештер Хорезмде, ежелгі Отырар және Күйріктөбе қалашығында белгілі болған. Сондықтан Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру Қазақстан тарихындағы жаңа бетбұрыс болмақ.

Jayik kala 01

 -Сөзіңіз аузыңызда, сонда жаңа жобаны жүзеге асырудың мән-маңызы неде деп білесіз?

         -Біріншіден, мұндағы басты мақсат - тарихи және мәдени мұраны зерттеу, сақтау әрі пайдалану. Екіншіден, бұл өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға септеседі. Тарих ғылымы мен археологияның қазіргі деңгейі мұндай теңдессіз мұраны көпшіліктің игілігіне айналдыруға мүмкіндік береді. Ашық аспан астындағы музей мәдени-білім және ақпараттық жұмысты тұрақты жүргізіп, ғылыми институт ретінде қызмет атқаратын болады. Жоба аясында осы жерге тиіп тұрған Жайық өзенінің арнасы табиғи-экологиялық жағынан зерттеліп, оны қорғау аясы кеңейтіледі. Мұнда мәдени-ойын-сауық инфрақұрылым базасын жасақтауға да болады. Музей халықтың ұлттық сана-сезімін көтеріп, мақтанышының артуына септесіп қана қоймай, әлем жұртшылығының да назарын аударатыны анық. Музей аумағына Жайық қалашығында орын тепкен археология, сәулет және этнография ескерткіштері кіреді. Мұндағы көне жәдігерлер әр келушіге қолжетімді болар еді. Жаңадан экскурсиялық және туристік бағдарламалар мен бағыттар пайда болып, туристер саны анағұрлым артатыны сөзсіз. Бұл, түптеп келгенде, өңірдің білім мен мәдениет қана емес, экономика жағынан да Jayik kala 03қарқынды дамуына ықпал етеді. Ең бастысы, музейлендіру - сол сирек, аса құнды ескерткіштерді қорғау және келешек ұрпақ үшін сақтау деген сөз. Жоба аясында Алтын Орда кезеңіндегі бірегей кесенелер, кірпіш күйдіретін пештер, тұрғын үйлер мен қоғамдық моншаны қалпына келтіруге болады. Этнопаркта сол кезеңдегі адамдардың сыртқы түрі, бет-пішіні, тұрмысы мен киімдері көрініс тапса, әкімшілік-ғылыми кешеннен қалпына келтіру және басқа зертханалар, музей жәдігерлерін тұрақты зерттеп, толықтыратын шеберханалар орын тебер еді. Яғни аймақтағы ғылымға да кең жол ашылады.

Jayik kala 06

         -Ендеше, ашық аспан астындағы музейді қалай салу керек деп ойлайсыз?

          -Ең алдымен музей қазіргі заманғы құрылыс технологиясына сәйкес жүргізілуі тиіс. Қазірдің өзінде ол үшін 300 гектар көлемінде жер бөлінді. Ол қаладан 12 шақырым қашықтықта, Орал-Атырау жолына жақын болғандықтан, қатынасқа қиындық туғызбайды. Электр, байланыс желілері және басқа коммуникациялар музей аумағына тиіп тұрғандықтан, құрылысты арзандатады. Экологиялық жағынан ешқандай зиян тигізбейді.

         Музей жаңадан 100-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде де қолға алуға болады. Яғни жекелеген нысандарды фирма-компаниялар тұрғыза алады. Мысалы, Көшім өзені жағалауынан демалыс аймағын, қонақүй кешенін, ойын-сауық орталығын салуға болар еді.

Jayik kala 05         Бірінші кезекте, әрине, кәсіби мамандар керек. Олар музейдің бас жоспарын, жобалық-сметалық құжаттамасын жасап, қалашықтағы барлық жұмыстармен нақты айналысуы тиіс. Күні бүгін осы аумақ біздің қарамағымызға берілгеннен кейін археологиялық зерттеулерді еліміз бойынша ортақ бағдарламаға енгізу үшін Қазақстан Республикасы ҰҒА археология институтымен бірлесіп жұмыс жүргізу жөнінде келісім-шарт жасадық. Татарстан Ғылым академиясы археология институтымен де осындай байланыс жасаудамыз, өйткені татар әріптестеріміздің бұл істе тәжірибесі мол. Олар бүкіл әлемге белгілі Бұлғар қаласынан ашық аспан астындағы музей жасады. Бұл Татарстанның соңғы он жылдағы мәдени және ғылыми орталығына айналды.  Жайық қалашығындағы барлық жұмыстарды біз мәскеулік ғалым, Алтын Орда қалалары бойынша жетекші маман, тарих ғылымдарының докторы, осы өңірге жиі келетін Эмма Зиливинскаямен бірлесіп жүргізудеміз.

         Қорыта айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдырсақ, ол біздің зор табысымыз болар еді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале