Оралда "Орал өңірі" жəне "Приуралье" газеттерінің 100 жылдығына арналған "Ғасырлық ғұмыр" атты республикалық ғылыми-тəжірибелік конференция өтуде. Конференцияға БҚО əкімі Алтай Көлгінов төрағалық етуде.
Шара барысында қос газеттің 100 жыл ішінде атқарған істерін баян етер бейнеролик көрсетілді.
Мерейтойлық конференцияға ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігінің өкілі Руслан Алишев, "Егемен Қазақстан" республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, ардагер журналист Ғарифолла Көшенов, сала ардагері Алмагүл Өмірбекова, "Айқын" газеті бас редакторының орынбасары Ермахан Əбдіраман, ақын Ақұштап Бақтыгереева, "Маңғыстау Медиа" ЖШС бас директоры Сағындық Рзахметов, т.б мəртебелі қонақтар қатысуда.
Конференция мақсаты - баспасөз тарихын зерттеу, облыстық газеттердің іргесін қалап, қаз басуына үлес қосқан арыстардың еңбегін насихаттау, болашақта республикалық деңгейде баспасөз тарихын зерттеуді жүйелі ұйымдастыру.
- Екі облыстық, 12 аудандық газеттің басын біріктіріп отырған " Жайық Пресс" медиахолдингі өңірдегі көптеген істерге бастамашы болып келеді. Əсіресе, Батыс Қазақстандағы баспасөз тарихын жүйелі зерттеуді қолға алуы құптарлық іс. Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан латын əліпбиіне оралу мəселесі - шын мəнінде өткеннің оралуы, өшкеннің қайта жануы, бір сөзбен айтқанда, рухани жаңғыру. Ал біздің облыстық газет "Екпінді Қазақстан" атауымен шыққан 1930-1940 жылдары латын əліпбиімен таралды. Яғни, тарихын білетін бүгінгі ұрпақ үшін латын əліпбиі таңсық дүние емес. " Жайық Пресс" облыстық газеттердің ғасырлық шежіресін жинақтап, зерттеуді мақсат еткен болатын. Соңғы бес жыл ішінде облыстағы баспасөз тарихына байланысты он кітап жарық көрді. Газеттердің 100 жылдық тігінділері жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. Бұл Елбасы ұсынған " Цифрлы Қазақстан" жобасымен толық үндеседі, - деді конференцияда БҚО əкімі Алтай Көлгінов.