13.10.2017, 10:24
Оқылды: 13

Елді мекендер халқы елеңдеп отыр

Осы аптада Зеленов ауданы әкімі Асхат Шахаров Переметный ауылдық округіне қарасты Қаражар, Озерный, Забродин, Поливное елді мекендерін аралап, тұрғындармен жүздесті.

Өзге елді мекендерге қарағанда аудан орталығына жақындау жатса да, аталмыш ауылдардың инфрақұрылымдық даму көрсеткіші кенжелеп қалған. Күн сіркіресе көлік атаулының жетуі мұңға айналатын Қаражарда ауыл клубы апатты жағдайда тұрса, бастауыш мектеп ғимаратына көгілдір отын қосылмаған. Әлі күнге азық-түлік дүкені жоқ ауылдың ортасында тау төбе болып көң-қоқысы үюлі жатыр. Іргеден ағатын Деркөлдің суын ауыл ішіне бойлатып жіберіп тұрған қондырғы істен шыққасын, су жинайтын мұнара да түбінен қиылған. Ауыл халқын ауданға, қалаға тасып жүрген жолаушылар тасымалының да қызметі сын көтермейді. Жаяу-жалпылап, жол бойы шұбырып жүретін халық жол азабынан әбден қажыған.

– Ауыл тұрғындары, жұмысқа орталыққа, қалаға қатынайды. Ал көлігіміз болса, бірде бар, бірде жоқ. Белгіленген кестемен жүрмегесін келер-келмесін білмей, сабылып жүреміз,-  деген қаражарлық тұрғындар жолды жөндеу керектігін алға тартты. Бұл мәселе жол бойында тұрған Поливное ауылының тұрғындарын да алаңдатуда. Аудан орталығының іргесінде тұрған ауылға ауыз су тасымал арқылы жеткізіледі. Судың әр литрін бір теңгеден сатып алып тұтынатын тұрғындар аптасына бір-ақ рет келетін ауыз судан тапшылық көріп отыр. Төңірегінен өтіп тұрған газдың игілігіне қол жеткізе алмай отырған халық келер күннен үмітті.

– Ауыз  су мен газ болмағасын кәсіп ұйымдастыруды көздеп келген талай адам тайқып кетті. Сонда осылай ағаш жағып, су тасып ғұмырымыз өте ме? Тым болмаса су тартып беріңіздер,-деген еңбек ардагері Василий Косицын болашағына алаңдаған ауылдастарының мұң-мұқтажына тиянақты көңіл бөлуді сұрады.

– Мәселенің  барлығы ретімен шешімін табады. Бұған дейін Қаражарға газ жетті, ауыз су қосылды. Сондай-ақ Озерный ауылына газ келіп, жаңа мектеп ғимараты салынды. Биыл ауданда бірқатар елді мекендер жолдарын жөндеп алдық. Келер жылы да ауыларалық жолдарды жөндеу жалғасын табады.  Қазір ауылда құс, мал бағып, бақша салып табыс тапқысы келетін жастар бар. Біз сол жастардың ауылда шағын кәсіппен айналысуына жағдай жасауды көздейміз. Егер жолаушы тасымалы талапқа сай болмаса ол қызметпен осы Қаражар ауылының тұрғыны айналыссын. Біз оған несие рәсімдеп, көлік алуына қолдау білдіреміз. Сөйтіп ол Қаражар мен Поливное ауылдарын жолаушы тасымалымен қамтысын. Жолдың қиындық келтіретін тұстарын жөндеуді шұғыл жоспарға енгіземіз. Келесі кезекте әлеуметтік нысандардың газдандырылуын ойластырамыз. Апатты жағдайдағы ауыл клубы күрделі жөндеуге келмейтін болғандықтан ол мәселенің басқа шешімін қарастырамыз, - деген аудан әкімі Асхат Шахаров бау-бақша егумен айналысуға ынтасы бар тұрғындарды кооперативке бірігіп әрекет етуге шақырды.

Аталмыш елді мекен тұрғындарының инфрақұрылым түзелсе деген арман-тілегі орайын тапса игі.

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале