Бүгін БҚО әкімдігі ғимаратының жанындағы автотұрақта «Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта» атты акция өтті.
Акцияны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша агенттігінің БҚО бойынша департаментімен бірлесіп «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Шара барысында облыстық басқармалардың басшылары қызметтік көліктерінің есіктеріне жадынама қағазын жапсырды. Жадынамада +7702 000 24 94, +7 775 373 04 08 WhatsApp желісінің нөмірлері көрсетілген.
– Егер, облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдерге қарасты қызметтік көліктердің жеке мүддеге пайдаланылғанын көрген қала тұрғындары фото және бейнеайғақтарды ұялы телефон арқылы кез кезген уақытта жолдай алады. Акция бұған дейін Астана, Алматы, Өскемен, Павлодар, Қостанай қалаларында өтті. Нәтижесінде осы қалалардың тұрғындары фотосуреттер мен бейнжазбаларды жолдауда. Мысалы, Өскеменде қалалық әкімдіктің бір маманы жексенбі күні демалыс орталығына қызметтік көлікпен барғаны белгілі болды. Соған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша агенттігінің ШҚО-дағы департаментінің өкілдері көлікті пайдаланған қызметкерден түсініктеме алды. Тергеу ісінің қорытындысы әдеп жөніндегі кеңес отырысында талқыланады, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталығының төрағасы Төлеген Байболов. «Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта» акциясы өңіріміздің аудандарында да өткізіледі. Соған байланысты аудан әкімдіктеріне тиісті нұсқау берілген. Төлеген Байболовтың айтуынша, акцияны жүргізуге Астана және Алматы тұрғындарының ұсыныс-пікірлері негіз болған.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ