Орал қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Альмира Төлегенова Орал қаласы аумағында орналасқан Зашаған, Круглоозерный кенттері мен Желаево селолық округі әкімі аппаратының 2018-2020 жылдарға бекітілген бюджетін баяндады.
Осы кенттер мен селолық округтің бюджеттеріне қалалық бюджеттен берілетін субвенциялар түсімдері де қарастырылған. Сессияны жүргізген Аққали Әубекеров бұл кенттер мен округ әкімі аппаратының 2018-2020 жылдарға арналған бюджетін бекіту мәселесі бойынша шешім Орал қаласының 2018-2020 жылдарға арналған бюджеті облыстық әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткен соң қабылданатынын айтты.
Сессияда тағы да бірнеше мәселе қаралып, шешімдер қабылданды. Өз кезегінде сөз алған Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев: «Биыл қаламызда бірқатар жұмыстар атқарылды. Жалпы қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беріп отырған – мемлекеттік бағдарламалар. Өнеркәсіп саласы жеті пайызға артып отыр. Қала тұрғындарының орташа жалақысы шамамен сегіз пайызға артқан», - деп әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, келер жылға жоспарланған жұмыстарға тоқталды.
Ясипа РАБАЕВА,
zhaikpress.kz