15.12.2017, 18:42
Оқылды: 52

Тәуелсіздік күні қарсаңында бірнеше батысқазақстандық марапатталды

7Қаламыздағы салтанат сарайында ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиналыс өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, мемлекеттік құрылым, саяси партия, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Тәуелсіздік тарихында ел есінде қалар ұланғайыр істер атқарылғанын, осы жылдар аралығындағы жетістіктер әрбірі қазақстандықтың ерен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

–Біз еркін, тәуелсіз, мықты мемлекеттің азаматтары екенімізді мақтан тұтамыз.

Тәуелсіздік жылдары ішінде облысымыздағы өнім өндіру көлемі үш мың есе өсіп, 60 мектеп, 80 балабақша, 105 емдеу мекемесі ашылып, 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал өңірлік жалпы өнім көлемі 2300 есеге артты. Өңірлік жалпы өнім көлеміндегі өнеркәсіптің арасалмағы екі есеге жуық жоғарылады.

Шағын және орта бизнес те қарқынды дамуда. Соңғы он жыл ішінде кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны 2,5 есеге көбейді. Тек биылдың өзінде 300 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 70 пайыз жоғары. Жалпы облыс бойынша 500 шақырым шамасындағы аутокөлік жолдары жөнделу үстінде. Барлық қаржыландыру көздері арқылы 24 білім нысаны салынуда, соның оннан астамы жеке инвестиция есебінен бой көтеріп жатқан балабақшалар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Орал қаласы мен аудандарда 1700 үй салынуда.

Сондай-ақ өңіріміздің ауылдарын, әсіресе, алыс аудандардағы елді мекендерді газдандыру мен сумен қамту жұмыстары да жүруде. Мәселен, бес ауданның 35 елді мекені, соның ішінде 106 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылса, 35 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді орталықтандырылған ауыз суға қосу жұмыстары жүруде, – деді Алтай Сейдірұлы.

Содан кейін ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес облыс әкімі мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар батысқазақстандықты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың ішінде «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров («Парасат» ордені), облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева («Құрмет» ордені), «Ақсайгазсервис» АҚ-ның машинисі Ермек Ықласов (ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені), «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Данильбек Саратов, «Аруана – Жайық» қоғамдық қорының төрайымы Ұлдай Сариева, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла («Ерен еңбегі үшін» медалі), «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының төрағасы Біржан Қожақов («Шапағат» медалі), Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жаңылсын Хасанова («Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы), М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті Максим Попов, Орал қалалық «Жайық үні» газетінің директор-редакторы Мира Шүйіншәлиева («ҚР-ның Құрмет грамотасы») бар.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Суреттер Темірболат Тоқмамбетовтікі

10 9 6 4 3 2 1

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале