26.12.2017, 12:15
Оқылды: 175

Ақұштап Бақтыгереева: «Зейнолла Қабдолов – қалам ұстау үшін, ақ қағазға қарау үшін арлы бол деген жазушы»

Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, ұлағатты ұстаз, көрнекті жазушы Зейнолла Қабдоловтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Аңыз тұлға: ғалым, жазушы, ұстаз» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 85 жылдық мерейтойы аясында өткен басқосуда сөз алған білім ордасының ректоры, академик Асхат Иманғалиев жазушының өмір жолына қысқаша тоқталып өтті.

Ақын, ҚР Жазушылар одағының БҚО филиалы төрайымы, осы университеттің құрметті профессоры Ақұштап Бақтыгереева ойымен бөлісті. «Бұл кісінің 90 жасы біз үшін қай кезде де мереке. Өйткені ол өлгендер қатарына қосылмайды. Оның еңбектері ғасырлар бойы оқыла береді. Ал өзі қаншама ұрпақ оқытып, қанша оқымысты дайындады. Қаратөбеге жалғас жатқан Қызылқоға деген ауданда туған қазақтың қарапайым баласының қазақ аспанында, қазақ ғылым айдынында осындай із қалдыруы – біздің ұлт үшін мақтаныш. «Әдебиет – ардың ісі» деген сөзін қазір біз кез келген жерде айтамыз. «Әдебиет - ардың ісі» деген үш қана сөз талайларға ой салады. Әдебиетке келу үшін, қалам ұстау үшін, ақ қағазға қарау үшін арлы бол дейді. Ал әдебиетті арсыздыққа айналдырса, ол не болады? Осындай ұлы сөздеріменен көзі тірісінде аңызға айналған Зейнолла Қабдоловты өз басым көргеніме қуаныштымын», - деген ақын жазушының ұстаздық ұлы тұлғасы жөнінде де ой толғады.

Конференцияда филология ғылымдарының докторы, БҚИТУ профессоры Мұрат Сабыр, филология ғылымдарының кандидаты, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ доценті Құспан Аронов,  филология ғылымдарының докторы, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры Ғабит Хасанов, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ мәдениет және өнер факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаевтар академиктің адами қасиеті мен ұстаздық бітім-болмысы, сөз өнеріндегі шеберлігі жөнінде танымдық мәні зор баяндама жасады.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале