27.12.2017, 18:09
Оқылды: 56

Биыл БҚО-да дінге қатысты 18 құқықбұзушылық тіркелген

Облыс әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты.

-Облыста күні бүгінге дейін 75 діни ұйым тіркелген. Оның 44-і ислам дінін уағыздайды. Енді келесі жылы мемлекеттік заңдылық негізінде бір кришнаит ұйымы жұмысына кіріспек. Мемлекеттік тіркеуден өтпесе де, баптистер жұмысын тоқтатпай отыр. Діни әдебиет пен ақпаратты таратуға 16 арнайы тұрақты орын белгіленген. Біздің басқармада тіркелген 8 миссионер заң шеңберінде жұмыс атқарып жүр. Дін саласында былтыр бір құқықбұзушылық тіркелсе, биыл олардың саны 18-ге жетті.

Өңірде 213 адамды қамтитын 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Басқарманың өзге де мүдделі топтармен ынтымақтастығы жолға қойылған. Мәселен, жоғары оқу орындарымен арадағы байланыстың нәтижесінде биыл қыркүйек айында бірінші курс студенттерімен кездесу өтті. Жалпы алғанда, діни түсінік жұмыстары Ақжайық, Бөрлі, Зеленов аудандарын да жақсы жолға қойылған. Өкініштісі сол, өзге аудандарда әлі де енжарлық басым. Дегенмен түгелімен алғанда, өңірде жат ағымға еріп кетіп, адасқандардың жыл өткен сайын азайғаны байқалады.

Әрине, біз қашан да жұмысымызға сын көзімен қарауымыз қажет. Келешекте ақпараттық-түсіндіру топтарының санын азайтып, сапасына мән бермекпіз. Әрі бұқаралық жұмыстардың жанды болуын қамтамасыз етуіміз керек. Ел арасында түрлі мәселелер бойынша мониторинг жүргізу арқылы халықтың ой-пікіріне құлақ түргіміз келеді,-деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек Ғиззатов.

-Құзырлы құрылымдардың бұл бағытта жүйелі жұмыс істегені көрініп тұр. Бірақ әлі де ширата түсу керек. Нәзік те иірімі мол дін саласы әркімнен де жұмысты үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Мәселен, теріс діни ағымнан зардап шегіп, қорлық көрген, оны ашық айтқысы келген куәгерлерді тиімді пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ кей аудандардың топ жұмысынан мүлдем хабарсыз болуы да алаңдатарлық жәйт. Топ мүшелерінің терең білім және біліктілікпен қатар, жұртты ұйытатын сөзге шешен болуы да аса маңызды. Жұмыс әдістемесін де жаңартып отыру керек. Әйтпесе, істе қайтарым болмайды. Биыл «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тың өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол

парламент қарауында жатыр. Сол заң қабылданған соң, жаңартылған құжатпен жұмыс істейміз,-деді Ғабидолла Абдоллаұлы. Әрі қарай ол Бөкей ордасы, Сырым, Теректі және өзге де аудан басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырды.

С.ІЗБАСАРҰЛЫ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале