30.01.2018, 11:06
Оқылды: 52

Жымпитылықтар «ҚазТрансГазАймаққа» наразы

Сырым ауданы  және ауылдық округ әкімдерінің Жымпиты ауылы халқы алдында есеп беру жиыны өтті. Есепті жиынға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов қатысты. 

Жымпитылықтар ауыл әкімінің есебіне қанағаттанып, жұмысына оң баға бергенімен, ауданға газ таратып отырған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның қызметіне жаппай наразылықтарын білдірді.

Жергілікті халықтың айтуынша, олар қыстың ішінде газ есептегішті ауыстыруды талап етіп, ескерту қағазсыз көгілдір отынды айырып тастаған. Халық газ есептегішінің қолдану мерзімі өтпесе де, үстеме ақша төлеуді талап еткен мекемеге қарсы ашына сөйледі.

Халықтың көтерген мәселесі дұрыстығын айтып, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сыдық Тәжмұхан, аудандық мәслихат депутаты Асхат Дүйсенғалиев, Сырым мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының экономисі Өркен Бектенов, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өрденбай Бектенов сөйледі.

Облыстан арнайы шақыртылған «РЦКУ-Уральск» ЖШС директорының орынбасары Аполлон Бектаубаев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ облыстық филиалының  жетекші маманы Рената Душанованың жауабына халық қанағаттанбады. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бұл мәселеге қатысты ҚР Энергетика министрлігіне арнайы хат жазып, мәселені шешуді қолға алатынын айтты.

Округ әкімі А.Баяндықов өткен жылы Жымпиты ауылы бойынша атқарылған және биыл орындалуы жоспарланған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Биылғы жылы қолға алынатын жұмыстар қатарында Жымпиты, Өлеңті ауылдарына электр үнемдегіш көше шамдарын орнату, ауыл сыртындағы зиратты қоршау, Абай, Сейфуллин көшелеріне жаяусоқпақ салу, бірнеше көшеге орташа жөндеуден өткізу бар. Сонымен қатар Исаев Алашорда көшесі мен Мұхит көшесінің аралығындағы зиратты, Өлеңті өзені жағалауындағы саябақты қоршау, орталық алаңды абаттандыру, Қарасу мөлтекауданынан спорт алаңын салу жұмыстары қолға алынбақ. Сондай-ақ биыл бірнеше кәсіпкерлік нысан ашылатын болады.

Қорытынды сөз алған аудан әкімі Т.Төреғалиев былтырғы есеп беру жиынында көтерілген зиратқа жол салу, көше шамдарын орнату жұмыстары жасалатынын айтты. Сондай-ақ Кеңащыдан Жымпитыға су тарту жобасы жүзеге асады екен.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале