Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Ақжайық ауданына жұмыс сапарымен келді. Алдымен, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Есет Байкенмен, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшармен бірге Чапаевтағы «Өркен» коворкинг орталығының тынысымен танысты.
Орталық жұмыс алаңында жастарға компьютермен жұмыс істеу, интернет қызметтері Wi-Fi арқылы тегін ұсынылады. Мысалы, орталыққа жыл басынан бері 40-тан астам адам келіп, ұсынылатын қызметтерді тегін пайдаланды.
Сонымен қатар мұнда қыз-жігіттердің бойында қазіргі талаптарға сай коммуникативтік, жауапкершілік сынды дағдыларды қалыптастыру мақсатында тренинг, адами құндылықтарды, еңбектің бағасын дәріптейтін «Жақсымен жарты сағат» атты кездесу кештері өткізіліп келеді.
Осы ғимаратта орналасқан Рухани жаңғыру кеңсесін көріп шыққан А.Көлгінов жиналған жастармен жүздесті. Жүздесуде М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Таңшолпан Сарқұлова жас кәсіпкерлерді қолдау хақында облыс әкіміне ағылшын тілінде ұсынысын айтты. Түркияда оқып жатқан студент Ахмет Омар өңіріміз аумағындағы Хан ордасы, Сарайшық қаласы, Шалқар көлі сынды жерлердің туристтік маршрутын жасау жайында пікірін ортаға салды. Сондай-ақ жастар сан-саланы қамтыған ой-толғамдарымен бөлісті.
«Мұндай орталық аудандар арасынан алғаш Ақжайық ауданынында ашылып отыр. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, жастармен жұмыстануды жандандыра түсу қажет. Әсіресе, білімді қыз-жігіттердің қатарын көбейтуіміз керек. Өйткені, жаңа технологиялардың қарыштап дамып тұрған бұл кезеңде, білімнің салтанат құруына аса мән бергеніміз абзал», - деді облыс әкімі А.Көлгінов.
Қазір Алтай Көлгінов аудан әкімі Әділ Жоламановтың халық алдындағы қорытынды есебіне қатысуда.
Бекболат ҚАЛЕНОВ,
Ақжайық ауданы