Алдағы аптадан бастап «Қаратөбе» спорт клубы жанынан ашылғалы отырған фитнес орталығы жергілікті халықты бұқаралық спортқа тарту, дене сымбатын қалыптастыру мақсат-міндеттерін көздейді.
Аталмыш орталықта болған облыс әкімінің орынбасарлары Ғабидолла Оспанқұлов пен Бибігүл Қонысбаева орталық жұмысына оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.
Фитнес орталығына сатып алынған құрал-жабдықтар бюджет қаражатына қоса, демеушілердің қолдауы да болған.
Жалпы алғанда 2 млн.теңгеден аса қаражатқа спорттық құрал-жабдықтар сатып алынған.
Оның ішінде, көпбейінді жаттығу орындауға арналған тренажерлер, адамның бұлшық еттерін шынықтыратын арнайы велосипедтер, зілтемірлер, гантельдер, бір орында тұрып қозғалыс жасайтын жүгірме жолдары құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген.
Фитнес орталығы аптасына 5 күн бойы жұмыс жасайды. Аптаның тақ (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) күндері ер адамдарға, жұп (сейсенбі, бейсенбі) күндері әйел адамдарға арнап жұмыс жүргізеді.
Күніне таңертеңгі сағ. 10.00-12.00 аралығында, түстен кейін сағ. 15.00-17.00 аралығында, жұмыс уақытынан кейін келушілерге кешкі сағ. 20.00-22.00 аралығында, яғни үш ауысымда қызмет көрсетеді.
Қызмет ақылы түрде абоненттік карта бойынша жүргізіледі.
Орталық қызметін пайдаланушылар үшін жуынатын кабина жұмыс жасайды.
Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы
Суретке түсірген Айбатыр Нұраш