21.02.2018, 18:03
Оқылды: 46

Өрттің алдын алу жайы пысықталды

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің мәлімдеуінше, былтыр облыс аумағында табиғи және теногендік сипаттағы 64 төтенше жағдай тіркеліп, 30 адам қаза тапқан.

Былтырғы жаз айларында орын алған аптап ыстық пен аңызақ желдің салдарынан өңірде дала өрттері мен жануларының жиі тіркелгені белгілі. Тілсіз жау екі адамның өмірін үзіп, мал шығыны мен жайылым өртеніп, ауыл-аймақтағы ағайынды біраз әбігерге салған болатын. Төтенше жағдайдың қайталауына жол бермеу мақсатында барлық аудан әкімдеріне төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, өртке қарсы күрес шараларын күшейту бағытында нақты іс-шаралар бекітілген еді.

- Орал қаласы әкімдігімен иесіз қалған гидротехникалық құрылыстарды коммуналдық меншікке беру бағытындағы жұмыстар аяқсыз қалған. Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандары әкімдіктері тарапынан 2017 жылғы бюджетті нақтылау барысында өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ ауылдық округтерде дала өрттерінің алдын алуға қажетті қаражат бөлінбеген. Ақжайық, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандары 2018 жылдың бюджетінде дала өрттерінің алдын алу және жоюға тағы да қаражат қарастырылмаған. Жаңақала, Зеленов, Жәнібек, Ақжайық және Тасқала аудандары әкімдеріне өткен жылдың тамыз айына дейін өртке қарсы бекеттер ашу туралы тапсырма орындалмаған, - деді Жасұлан Қыдырғожаұлы.

Аталған аудан әкімдерінен мәселенің жай-жапсарын сұраған облыс әкімі Алтай Көлгінов тапсырманы орындамаған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының әкімдеріне тиісті шара қолданылатынын айтты. Өзге аудандарда өртке қарсы бекеттерді ашуға қаражат бөлініп, жұмыстар қолға алынған.

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

Фото: Темірболат Тоқмамбетов

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале